Бектенов Үкіметтің бұдан былайғы негізгі бағытын айтты
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі лауазымына екінші мәрте тағайындалған Олжас Бектенов Құрылтайдың жалпы отырысында сөз сөйледі. Үкімет басшысы министрлер кабинеті жұмысының негізгі бағдары заң мен тәртіп қағидаты болатынын мәлімдеді.
Отырыс барысында ол өзіне жоғары сенім білдіріп, қызметке қайта тағайындаған Президентке алғыс айтты. Сондай-ақ бірінші шақырылымдағы Құрылтай депутаттарына қолдауы үшін ризашылығын білдірді.
«Біздің өзара бірлескен жұмысымыз Мемлекет басшысының «Әділетті әрі қуатты Қазақстанды құру» міндетін жедел және сапалы орындауға бағытталады деп сенемін. Жаңа Конституциямыз қабылданып, мемлекетіміздің саяси жүйесінің жаңару үдерісі бастау алған ел дамуының аса маңызды кезеңінде Үкіметті басқару мен үшін айрықша жауапкершілік. Президент мырза, жыл қорытындысы бойынша экономиканың кемінде 5 пайыз деңгейінде өсуін қамтамасыз етеміз. Бұл орайда азаматтарды белсенді жұмыспен қамту арқылы олардың табысының өсуін ынталандыра отырып, инфляцияның деңгейін төмендетеміз», – деді Олжас Бектенов.
Бұдан бөлек, Үкімет басшысы бүкіл еліміз бойынша маңызды жобалардың құрылысы басталғанына назар аударды.
«Ауқымды құрылыс бағдарламасы инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды озық қарқынмен салуға және экономикалық өсімді ынталандыруға бағытталады. 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып белгіленді. Тапсырмаларды жедел әрі сапалы орындауымыз үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Экономиканың барлық саласында цифрлық трансформация жалғасын табады. Сонымен қатар, заң мен тәртіп қағидаты Үкімет жұмысының басты бағдарының бірі болады», – деп толықтырды Премьер-министр.
Айта кетейік, Президент Олжас Бектеновті премьер-министр лауазымдарына не себепті ұсынғанын айтып берген еді.
Соңғы жаңалықтар