Ресейлік рэпер Navai есірткі ісі бойынша 2 айға қамауға алынды

15.10.2026 • 13:21 Әсел МҰРАТ
Ресейлік рэпер Navai есірткі ісі бойынша 2 айға қамауға алынды
64
Фото: ашық дереккөз

Ресейлік рэпер Наваи Бакиров, яғни Navai, есірткі контрабандасы мен оны заңсыз сақтау ісі бойынша күдікті ретінде екі айға қамауға алынды. Тиісті бұлтартпау шарасын Жамбыл облысының Қордай аудандық соты таңдады, деп хабарлайды Politico.kz.

Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған оқиғаға байланысты есірткі контрабандасы және есірткі заттарын заңсыз сақтау деректері бойынша екі баппен тергеу жүргізіліп жатыр.

Күдікті қалай ұсталды?

Бұған дейін 13 қазанда «Қордай» өткізу пунктінде Қазақстанға кіріп келе жатқан шетелдік орындаушының ұсталғаны хабарланған болатын. Полиция қызметкерлері ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп жүргізген тексеру кезінде рэпер мінген көліктен есірткі затын тауып, тәркілеген.

БАҚ мәліметінше, көліктен 2,5 грамм марихуана табылған. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы тергеліп жатыр.

Астанадағы концерті өтпей қалды

Navai-дың Астанадағы концерті 14 қазанға жоспарланған еді. Алайда билет сату операторы іс-шараның басталуына төрт сағат қалғанда концерттің техникалық себептерге байланысты өтпейтінін хабарлаған. Концерттің кейінге шегерілгені немесе белгісіз мерзімге ауыстырылғаны туралы нақты ақпарат жоқ.

Бұған дейін рэпер Қырғызстан астанасы Бішкекте де концерт берген.

Қырғызстанда да тексеру басталды

Осы оқиғадан кейін Қырғызстанның Шекара қызметі әншінің есірткі заттарымен қазақ-қырғыз шекарасынан қалай өткенін анықтап жатыр. Sputnik Қырғызстанның хабарлауынша, тексеру нәтижесінде шекара қызметкерлері тарапынан заңбұзушылықтар анықталса, кінәлі лауазымды тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қолданылады.

«Тексеру нәтижесі бойынша заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, кінәлі лауазымды тұлғаларға қатысты заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті шаралар қолданылады», – деп мәлімдеді ведомство.

Navai кім?

Наваи Бакиров – әзербайжандық тамыры бар ресейлік рэпер әрі әнші. Ол HammAli & Navai дуэтінің мүшесі ретінде танылған. Сонымен қатар орындаушы «Пустите меня на танцпол», «Прятки» және «Девочка-война» сияқты әндерімен танымал. Оның қазақстандық әншілермен де бірлескен жобалары бар.

Қазіргі уақытта рэперге қатысты тергеу жалғасып жатыр.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий