Өскеменде 61 млн теңге жымқырғандардың жазасы ауырлады
Өскеменде бюджет қаржысын жымқырған үш адамның жазасы ауырлады. Апелляциялық сот бұрынғы үкімнің күшін жойып, сотталғандардың әрқайсысын 7 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Politico.kz.
Сотталғандар арасында «Таза Өскемен» коммуналдық кәсіпорнының бұрынғы директоры Асхат Тәженов, оның орынбасары Ардақ Әбділдинов және кәсіпкер Игорь Федосов бар.
Биыл 2 шілдеде бірінші сатыдағы сот оларды алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныған. Тәженов 6 жылға, Әбділдинов 5 жыл 6 айға, Федосов 5 жылға сотталған еді.
Бірақ Шығыс Қазақстан облыстық соты олардың әрекетін басқа бап бойынша саралап, жазасын күшейтті.
Сот мәліметінше, «Таза Өскемен» кәсіпорны қала көшелері мен жолдарын күтіп ұстауға жыл сайын 1,5 миллиард теңгеден астам қаржы алған.
Кәсіпорын басшылары осы жұмыстар аясында кәсіпкерге тиесілі компаниялармен 9 жалған келісімшарт жасасқан. Құжаттарда құм, жол битумы және басқа материалдарды жеткізу қарастырылған.
Алайда тауарлар жеткізілмеген, жұмыстар орындалмаған. Ақша компаниялардың есепшоттарына аударылып, кейін қолма-қол шешіліп, қатысушылар арасында бөлінген.
Осылайша, жалпы 61 199 334 теңге жымқырылған.
Апелляциялық сот бұрынғы басшыларды Қылмыстық кодекстің 189-бабы «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бойынша кінәлі деп таныды. Ал кәсіпкер осы қылмысқа көмектескені үшін сотталды.
Сот мұндай шешімді қаржының кәсіпорын басшыларына қызметтік міндеттеріне байланысты сеніп тапсырылғанымен түсіндірді. Бұған дейін олардың әрекеті алаяқтық ретінде бағаланған еді.
Жаңа үкім бойынша үшеуі де 7 жылға сотталды. Олар мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Соңғы жаңалықтар