Белгісіз түрік компаниясы қазақтың мұнайын сатып байып отыр

29.07.2026 14:29 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Белгісіз түрік компаниясы қазақтың мұнайын сатып байып отыр
209
фото: Энергетика министрлігі

Түріктің мұнай, газ және мұнай-химия өнімдерінің халықаралық саудасымен айналысатын BGN трейдерлік компаниясы ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясымен жасалған келісімдердің арқасында Теңіз және Қарашығанақ кен орындарынан өндірілетін қазақ мұнайының негізгі экспорттаушыларының біріне айналды, деп хабарлайды Politico.kz.

Bloomberg басылымының жазуынша, осыдан екі жыл бұрын нарыққа беймәлім болып келген, қазіргі таңда кәсіпкер Рүйя Байеган басқаратын ұйым бүгінде CPC Blend маркалы мұнайдың ірі саудагері саналады. Компания өкілдерінің сөзіне қарағанда, трейдер жылына шамамен 250 млн баррель шикізат сатып, әлемдегі ең ірі тәуелсіз алты мұнай сатушының қатарына кірген.

Сауда көлемінің күрт өсуіне 2025 жылы Теңіз кен орнындағы, ал биыл Қарашығанақ жобасындағы ҚазМұнайГаз үлесіне тиесілі мұнайды сату туралы келісімдерге қол қойылуы тікелей әсер етті. Басылымның мәліметінше, ұлттық компанияның бұл екі кен орнындағы үлесі күніне 200 мың баррельге жуықтайды және бұл Каспий құбыр консорциумы арқылы экспортталатын жалпы көлемнің 11 пайызын құрайды.

Таяу Шығыстағы шиеленіс пен Иран соғысы Ормуз бұғазы арқылы өтетін тасымалды қиындатқан шақта Ресейдің Қара теңіз жағалауындағы терминалдан жөнелтілетін қазақ мұнайы Еуропа мұнай өңдеу зауыттары үшін өте маңызды шикізат көзіне айналып отыр. Өткен аптада танкерлерге жасалған дрон шабуылдарына байланысты экспорттың уақытша тоқтауы Brent маркалы мұнай бағасының барреліне $100 деңгейінен асуына түрткі болды, алайда тасымал қайта жанданып, жағдай тұрақталған соң баға төмендеді.

Жалпы статистикаға сүйенсек, 2021 мен 2024 жылдар аралығында мұнай жөнелту тәулігіне 1,0 мен 1,5 млн баррель аралығында құбылып тұрған. Алайда 2026 жылдың басында көрсеткіш 0,9 млн баррельден төмен түсіп тарихи антирекорд орнатқанымен, мамыр айында экспорт көлемі қайта артып, тәулігіне 1,8 млн баррельге жеткен. Қазіргі таңда шикізаттың төрттен үш бөлігі ай сайын Еуропа елдеріне жіберіледі.

Негізі 2013 жылы қаланған BGN компаниясы энергетика нарығындағы алпауыттармен бәсекеге түсу үшін Trafigura Group, Shell, BP және Macquarie сияқты ірі корпорациялардың бұрынғы мамандарын жұмысқа тартқан. Трейдер тек қазақ мұнайымен шектелмей, Ливия мен Венесуэла нарығында да белсенді жұмыс істейді және әлемдік сұйытылған табиғи газ саудасының 10 пайызын бақылап отыр. Қазіргі таңда ұйымның Женева мен Дубайдағы кеңселерінде 50-ден астам қызметкер жұмыс істесе, Сингапур мен Хьюстондағы өкілдіктері жаңа мамандар есебінен үнемі кеңейіп жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий