BilimClass-қа хакерлер шабуыл жасады: Оқушылар мен мұғалімдердің деректері қауіпте ме?

BilimClass-қа хакерлер шабуыл жасады: Оқушылар мен мұғалімдердің деректері қауіпте ме?
Фото: gov.kz

Қазақстандық BilimClass білім беру платформасына кибершабуыл жасалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға мұғалімдер электронды журналдардағы ақауға жаппай шағымданып, бірнеше тоқсанға арналған үй тапсырмалары жоғалып кеткенін хабарлағаннан кейін екі күн өткен соң тіркелді.

Платформа әзірлеушілерінің мәліметінше, кибершабуыл 29 қараша күні сағат 01:09-да болған. Қазір мамандар жүйені тексеріп, пайдаланушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қолға алған.

Әзірге шабуыл жасағандардың оқушылардың, ата-аналардың және мұғалімдердің жеке деректеріне қол жеткізген-жеткізбегені белгісіз. Компания өкілдері қазіргі басты міндет – пайдаланушылардың ақпаратын қорғау және шабуылдың платформа жұмысына тигізген әсерін анықтау екенін мәлімдеді.

Компания келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, жағдайға қатысты қосымша ақпаратты ресми арналары арқылы жариялауға уәде берді.

Айта кетейік, BilimClass платформасындағы ақаулар 27 қарашада басталған. Сол кезде қазақстандық мұғалімдер электронды журналдардың дұрыс жұмыс істемей қалғанына жаппай шағымданған. Кейбір педагогтердің айтуынша, жүйеден бір тоқсан бойы енгізілген үй тапсырмалары жоғалып кеткен. Ал енді біреулері екі оқу кезеңіне қатысты жазбаларды көре алмай қалған.

Бұдан бөлек, пайдаланушылар қосымшаға кіру, бағаларды қарау және сабақ кестесін ашу кезінде де қиындықтарға тап болған.

27 қарашада BilimClass өкілдері техникалық ақауды растағанымен, пайдаланушылардың ақпараттары сақталғанын мәлімдеген. Сол кездегі тексеру нәтижесінде деректердің сыртқа таралу белгілері анықталмағаны айтылды. Қауіпсіздікті күшейту және техникалық жұмыстар жүргізу үшін платформаға қолжетімділік 28 қараша түн ортасына дейін уақытша шектелген.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу