Қазақстанда мәслихат депутаттарын сайлау басталды
29 қарашада Қазақстанның барлық өңірінде мәслихат депутаттарын сайлау басталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Ел азаматтары жергілікті өкілді органдардың жаңа құрамын таңдауға кірісті.
Таңертең сайлау учаскелерінде мемлекеттік әнұран орындалып, дауыс беру науқанына ресми түрде жол ашылды. Учаскелер ашылған сәттен бастап алғашқы сайлаушылар да дауыс беруге келді.
Бұл жолғы сайлауда еліміз бойынша 228 мәслихаттың 3 447 депутаты сайланады. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлаушылар тізіміне 12,6 миллионнан астам азамат енгізілген. Республика аумағында барлығы 10 338 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Оның 101-і таңғы сағат 06:00-де, қалғаны 07:00-де ашылған.
Айта кетейік, 12 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойған болатын. Ал 13 қазанда Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс сайлауды 29 қарашаға белгіледі. Сайлау қорытындысы 3 желтоқсаннан кешіктірілмей жариялануы тиіс.
Соңғы жаңалықтар