"Бір нәрсе жасырып отыр": Атырауда өлі табылған аңшының қызы шұғыл мәлімдеме жасады

17.02.2026 12:01 Мөлдір Талғат
198
Фото: коллаж politico.kz

Атырау облысында былтыр 14 желтоқсанда жоғалып кетіп, кейін өлі табылған аңшы Өтебай Сабировтың қызы әкесінің қазасына қатысты тың мәліметтерді жария етті, деп хабарлайды Politico.kz.

Марқұмның қызы әкесінің қасында болған адамдар оқиғаның шынайы мән-жайын толық айтпай отырғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, әкесі кәсіби аңшы болмаған әрі бұл оның алғаш әрі соңғы рет аңға шығуы еді.

«Ең бірінші жазғым келетіні – менің әкем аңшы емес еді. Бұл оның бірінші және соңғы рет аңға шығуы болатын. Ол аңшылыққа қарапайым комбезбен, үйдің күнделікті етігімен аспаз болып барды. Қасында болған екі адам оны жақсы біледі», – деп жазды ол.

Қызы сараптама қорытындысына да тоқталып, әкесінің неден көз жұмғанын айтты. Айтуынша, өлімнің нақты себебі – суыққа тоңып қалу.

«Экспертиза шықты. Жүрегі ұстамаған, суға тұншықпаған. Уақыт өте келе тоңып қайтқан. Олардың айтуынша, әкемді сағат үштен бастап іздеген, яғни төрт сағаттан кейін. Ал видеоға қарасақ, әкем 15 желтоқсан күні сағат 11:19-да кетіп бара жатқан», – деді марқұмның қызы.

Ол әкесінің жанында болған екі адамның әрекетіне күмән келтіретінін ашық жазды. Оның айтуынша, әкесімен бірге досы және сол досының күйеу баласы болған.

«Өкінішке қарай, менде әлі күнге дейін нақты жауап жоқ сұрақтар көп. Әкемнің қасында досы, оның күйеу баласы және әкем – барлығы үш адам болған. Мен бұл екі кісінің бір нәрсені жасырып отырғанын білемін», – деп жазды ол.

Сондай-ақ марқұмның қызы іздеу жұмыстары кезінде де күмәнді жайттар болғанын алға тартты. Айтуынша, әкесінің досы соңғы рет көрген жерге бармаған.

«Әкемнің досын үйге бата оқуға ұжымдастары алып келді, ал қасындағы күйеу баласы мүлде келмеді. Сол досы іздеу барысында 300 метр де жүрмеген. Соңғы рет әкемді көрген жерге бармаған. Ол қалай? Аяқтарында тізеге дейін резеңке етік болған. Өзім одан “сіз жүрдіңіз бе?” деп сұрадым. Ол “100 метр жүрдім, ары қарай тобыққа дейін су болды, суға кірмедім” деді. Ол су батып кететіндей терең емес еді», – деді ол.

Қызы күмәнін ашық білдіріп, болған жайттың толық ашылуын талап етті.

«Бір нәрсе жасырып отырғандары анық. Көріп тастап кетті ме шошып? Әлде ұйықтап қалып, кешке бір-ақ тұрған ба? Әлде басқа бірдеңе болды ма – бір Аллаға және өздеріне мәлім», – деп түйіндеді марқұмның қызы.

Айта кетейік, 1964 жылы туған Өтебай Сабировты іздеу жұмыстары бірнеше күнге созылған. 19 желтоқсан күні сағат 15:10 шамасында іздестіру тобы оны Каспий теңізі жағалауына жақын орналасқан «Ботахан» кен орнынан өлі күйінде тапқан.

Облыстық ТЖД мәліметінше, хабар түскен сәттен бастап іздеу-құтқару жұмыстары жедел басталған. 16 желтоқсанда «Ботахан» кен орнынан 30 шақырым жерден УАЗ көлігі табылғанымен, ішінде жоғалған азамат болмаған. Кейін аумақты әуеден барлау үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің тікұшағы тартылып, 20 шақырым радиуста тексеру жүргізілген.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий