"Бір сағат бойы ұрған": Ақтөбеде жасөспірімді өлтірген оқушыларға сот үкімі шықты

Ақтөбеде жасөспірімнің өліміне қатысты іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды POLITICO.KZ порталы Диапазонға сілтеме жасап.
Ақтөбеде жасөспірімнің өліміне қатысты шулы іс бойынша сот үкімі шықты. Өткен жылы Темір ауданында болған қайғылы оқиғаға айыпталған алты мектеп оқушысы әртүрлі мерзімге сотталды.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттың шешімімен үш оқушыға бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Ал қалған үш оқушы 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын кәмелетке толмағандарға арналған орташа қауіпсіздіктегі колонияда өтейтін болады.
Қайғылы оқиға қалай болды?
Бұл оқиға өткен жылдың қыркүйек айында Темір ауданының Қопа ауылында болған. 2 қыркүйекте 14 жастағы 9-сынып оқушысы Нұржан Сыдықтың денесі ауыл шетіндегі ескі моншаның маңынан табылған. Марқұмның туыстарының айтуынша, сол жерде жоғары сынып оқушылары 9-сыныпқа өткен балаларға арнап «рәсім» өткізген. Осы «сынақ» кезінде олар жасөспірімді жұдырықпен ұрып, аяқпен тепкілеген. Оқиғадан кейін барлығы тарап кетіп, Нұржанды жерде жатқан күйі қалдырған. Бір сағаттан кейін балалардың бірі оқиға орнына қайта келгенде, оның қайтыс болғанын көрген. Кейінірек сотта жоғары сынып оқушылары бұл әрекеттері арқылы 9-сынып оқушыларын «өздерін құрметтеуге» үйретпек болғандарын айтты.
Полиция Қопа мектебінің алты оқушысын ұстады: олардың бесеуі – 11-сынып, біреуі – 10-сынып оқушысы болған. Бес оқушыға «Адамдар тобымен алдын ала сөз байласып жасалған бұзақылық», «Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» және «Қылмыстық құқық бұзушылықты жасауды ұйымдастыру» баптары бойынша айып тағылды.
Сотталушылардың бірінің заңды өкіліне марқұмның отбасына 5 миллион теңге моральдық шығын төлеу міндеттелді. Қалғандары бұл соманы сот үкімі шыққанға дейін өтеп қойған.
Сонымен қатар, сот Ақтөбе облыстық білім басқармасының атына жеке қаулы шығарды. Енді мекеме осындай қылмыстардың алдын алу шараларын қабылдап, бір ай ішінде атқарылған жұмыстар туралы сотқа есеп беруге міндетті.
Соңғы жаңалықтар





