«Бір үлкен отбасының мүшесіндей қабылдадыңыздар»: Димаш Құдайберген Чилиде алғаш рет жеке концертін берді
24 қарашада Чили астанасы Сантьягода әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің алғашқы жеке концерті өтті. DIMENSIONS әлемдік туры аясында ұйымдастырылған кеште қаладағы ең ірі алаңдардың бірі — Santander Arena көрерменге лық толды, деп хабарлайды Politico.kz.
Мексика мен Колумбиядағы сәтті кештерден кейін Латын Америкасындағы тур Чилиде жалғасты. Жергілікті көрермендер қазақстандық өнер иесін ерекше ықыласпен қарсы алып, концерт бойы әндерін қосыла шырқап, ұрандатып отырды.
Кеш бағдарламасының үштен екі бөлігін Димаштың авторлық туындылары құрады. Сондай-ақ әнші белгілі композиторлардың шығармалары мен қазақтың халық әндерін заманауи өңдеуде орындады. Тур бағдарламасына алғаш рет енгізілген жаңа туындылардың бірі — Димаштың інісі, жас композитор Әбілмансұр Құдайберген жазған «Release My Soul» әні көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Концерт барысында чилилік Dears жанкүйерлері ерекше флешмоб ұйымдастырды. Әртістің «The Story of One Sky» туындысы орындалған сәтте мыңдаған көрермен бейбітшілік пен бірліктің белгісі ретінде ақ жалаушалар көтеріп, залды ақ түске бөледі.
Өз кезегінде Димаш Құдайберген Чили халқының қонақжайлылығына ризашылығын білдіріп, көрерменге жүрекжарды алғысын айтты:
«Қымбатты достар! Сіздердің алдарыңызда өнер көрсету мен үшін үлкен мәртебе. Қатты толқып тұрмын. Бізді бір үлкен отбасының мүшесіндей қабылдадыңыздар. Сіздерге мың алғыс!», — деді әнші сахнадан.
Соңғы жаңалықтар