Әскерге сау кетіп, ауру болып оралды: Өскеменде сарбаз жындыханаға түсті
Шығыс Қазақстанда Отан алдындағы борышын өтеп жүрген тағы бір сарбаз психикалық ауытқумен медициналық мекемеге жеткізілді. Жарты жыл бұрын Қостанайдан әскерге сау күйінде аттанған жас жігіт бүгінде сөйлеуден қалған, деп хабарлайды Politico.kz «Информбюро» ақпараттық бағдарламасына сілтеме жасап.
Туыстарының айтуынша, сарбаз Станислав Партоленконың қазіргі жағдайы өте ауыр. Ұлымен кездесу үшін Өскеменге арнайы барған әкесі баласының сөйлей алмайтынын және қолына қаламсап ұстауға да шамасы келмейтінін жеткізген.
«Станиславтың әкесі Өскеменге барды. Баламызбен әрең кездесті. Оның жағдайын көріп, жұмсартып айтқанда, қорқынышты деуге болады. Ол сөйлеспейді, тек қана міңгірлейді. Қолын көтере алмайды, тіпті қаламсапты қолына ала алмай қойды», – дейді сарбаздың анасы Татьяна Портоленко.
Белгілі болғандай, Өскемен гарнизонында қызмет еткен жауынгер 19 қараша күні шұғыл түрде жергілікті психикалық денсаулық орталығына жатқызылған. Әскери бөлім өкілдері мұны сарбаздың «психоэмоционалдық жағдайының күрт нашарлауымен» түсіндіріп отыр. Ал дәрігерлер жас жігіттің дерті дендеп кеткенін және емдеу процесі ұзаққа созылатынын жасырмайды.
Қорғаныс министрлігі не дейді?
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі сарбазға қатысты әлімжеттік немесе қысым көрсету деректері болмағанын мәлімдеді. Ведомствоның ақпаратынша, қазіргі уақытта жауынгер тексеруден өту үшін елордаға жөнелтілген.
«Қазіргі уақытта Станислав Партоленко әкесінің талабына байланысты Қорғаныс министрлігінің «Бас әскери клиникалық госпиталіне» әскери-дәрігерлік комиссиядан өту үшін әкесі мен әскери бөлім өкілдерімен бірге Астана қаласына жолға шықты. Сондай-ақ Станислав Партоленкодан да, оның ата-анасынан да әскери қызмет жағдайына, сарбаздар арасындағы қарым-қатынасқа немесе командирлердің әрекеттеріне қатысты ешқандай шағым түспеген», – делінген министрлік хабарламасында.
Қазіргі таңда сарбаздың мұндай күйге қалай түскені белгісіз күйінде қалып отыр.
Соңғы жаңалықтар