"Бір жыл бойы зорлап келген": Қырғызстанда қайын атасынан келіні бала босанған

Қырғызстан Республикасының омбудсмені Джамиля Джаманбаева 20 жастағы зорлық құрбаны болған жас әйелмен кездесіп, оның басынан өткен ауыр жағдайды қоғамға жеткізді.
Жәбірленушінің айтуынша, ол алғаш рет 2024 жылы тұрмысқа шыққаннан кейін қайын атасының зорлығына ұшыраған. Ер адам оған пышақпен қорқытып, бір жыл бойы жүйелі түрде зорлық әрекеттерін жалғастырған. Әйелдің сөзінше, күйеуінің өгей анасы бұл жағдайға бейжай қарап, ешқандай шара қолданбаған. Жас келін сәуір айында босанғанымен, ауруханадан шыққан соң небәрі 15 күн ішінде қайтадан зорлық пен қоқан-лоқыға тап болған. Ол бұл жайтты күйеуіне тек мамыр айында айтып, күйеуі әкесіне қарсы тұрған кезде 51 жастағы күдікті ұлын ұрып-соққан. Кейін қайын атасы оларды 10 күндік дала жұмыстарына жіберген, ал жас отбасы бала қолда қалған күйде Ыстықкөл аймағына қашып кеткен.
Ыстықкөлде азаматтардың көмегімен олар полицияға жүгініп, арызданған соң іс Бішкектегі Ленин аудандық ішкі істер бөліміне өткізілген. Нәтижесінде, Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің 154-бабы («Зорлау») бойынша іс қозғалып, күдікті 16 тамызда ұсталған. Жас жұп өз баласын қайын атасының қолынан алу үшін дағдарыс орталығына барған кезде, мамандар баланың өте әлсірегенін, тіпті жылай алмайтындай халге түскенін анықтап, шұғыл түрде ауруханаға жеткізген. Өкінішке қарай, сәби жансақтау бөлімінде қайтыс болып, оның өліміне қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалғанымен, қорытынды әлі жарияланған жоқ.
Осы оқиғаға байланысты акыйкатшы Джамиля Джаманбаева жас отбасыға заңдық, психологиялық және медициналық қолдау көрсету үшін тиісті органдарға ресми хат жолдап, мемлекеттік мекемелерден жәбірленушінің құқықтары мен қауіпсіздігін толық қамтамасыз етіп, істің әділ әрі объективті тергелуін талап етті.
Соңғы жаңалықтар





