Бір-біріне көмектесетін еркектер

Немістің Die Zeit басылымының шолушысы Михаэль Туманн Трамп, Путин, Орбан секілді автократ басшылардың өзара көмек арқылы билікті қалай ұстап отырғаны туралы талдау жасады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Автордың айтуынша, бұл басшылар өздерін ұлтшыл ретінде көрсеткенімен, шын мәнінде ұлт мүддесі емес, тек өз билігін сақтау үшін бір-бірінің әдістерін көшіріп, бір-біріне демеу көрсетіп келеді.
Жақында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды Венгрия басшысы Виктор Орбан салтанатты түрде қарсы алды. Бірақ бұл дипломатиялық қадам емес, халықаралық құқыққа ашық қарсы шығу еді. Себебі, Нетаньяху Халықаралық қылмыстық соттың іздеуінде болғандықтан, Орбан оны қорғау үшін Венгрияны Халықаралық соттың юрисдикциясынан шығарып жіберген.
Автордың пікірінше, Орбанның мұндай қадамы елінің беделін түсірсе де, оған бәрібір. Ол осылайша келешекте өзіне де көмек қолын соза алатын Нетаньяхуға жақсылық жасады. Автордың ойынша, ұлтшылдық – Орбан, Путин және Трамп үшін тек билікті ұстап тұрудың құралы ғана.
Дональд Трамп тарифтік соғыс арқылы трансатлантикалық қатынастарды бұзып, бұл әрекетпен тек Путиннің ғана мүддесіне жұмыс істеуде. Трамп әкімшілігінің Украинаға қатысты саясаты да АҚШ-тың емес, Путиннің мүддесіне сай жүргізілуде.
Сонымен қатар автор Путиннің өз кезегінде Си Цзиньпин мен Нарендра Моди арқылы Батыстың санкцияларын айналып өткенін атап өтеді. Си Ресейден мұнай мен газды импорттаса, Орбан Путинге қолдау көрсетіп, Еуроодақты әлсіретуде. Өз кезегінде Ресей Венгрияға арзан газ жеткізеді.
Михаэль Туманның пікірінше, бұл автократтарды тек билікті сақтау мен жеке басының мүддесі ғана біріктіреді. Олар сот билігін әлсіретіп, парламентті бейтараптандырып, тәуелсіз журналистерді қудалап, билікті бір адамның қолына жинақтауда. Осындай өзара байланыс пен көмек арқылы автократтар әлемдік демократия мен құқықтық тәртіпке ашық қауіп төндіріп отыр, деп қорытындылады басылым авторы.
Соңғы жаңалықтар





