Тауда жоғалып кеткен 14 жастағы Әмірдің денесі табылды
Қырғызстанда бірнеше күн бойы іздестірілген жасөспірімнің өлі денесі табылды, деп хабарлайды Politico.kz.
14 жастағы Амир Кунакунов 7 қарашада «Ала-Арча» ұлттық табиғи саябағында жоғалып кеткен. Құтқарушылардың іздеу жұмыстары екі күннен астам уақытқа созылғанымен, қайғылы аяқталды.
Оның туыстарының айтуынша, Амир 7 қараша күні таңғы сағат 07:00 шамасында үйінен шығып, тауда өтетін жүгіру жарысына қатысуға барған. Алайда ұйымдастырушылар жасына байланысты оны жарысқа жібермеген. Осыдан кейін жасөспірім жалғыз өзі Адыгине шатқалына қарай бет алған.
Сол күні кешкі сағат 19:02-де Амир Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігіне хабарласып, таудан түсіп келе жатып адасып кеткенін айтқан. Телефон геолокациясы оның Электро шыңы маңында болғанын көрсеткен. Алайда көп ұзамай онымен байланыс үзілген.
Іздеу жұмыстарына құтқарушылар, альпинистер мен жүзден астам ерікті жұмылдырылған. Операция барысында дрондар мен тікұшақ пайдаланылған. 9 қараша күні шамамен сағат 16:00-де құтқарушылар баланың денесін Электро шыңы маңындағы тасты аймақтан тапты.
Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірім қатты суықтан үсіп қайтыс болуы мүмкін. Алайда өлімнің нақты себебі әлі анықталуы тиіс.
Қайғылы оқиғадан кейін Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы Әділбек Қасымалиев іздеу-құтқару жұмыстарының ұйымдастырылуын тексеруді тапсырды. Атап айтқанда, баланың көмек сұраған қоңырауы қалай қабылданғаны, құтқарушылардың әрекеті мен күштердің үйлестірілуі тексерілмек.
10 қарашада Бішкекте Амирді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Оның әкесі, Жогорку Кенештің бұрынғы депутаты Максат Кунакунов та ұлын жерлеу рәсіміне қатысу үшін уақытша тергеу изоляторынан босатылған.
Соңғы жаңалықтар