«Бізде ақша тым көп»: Ұлттық банк төрағасы инфляцияның басты себебін атады

«Бізде ақша тым көп»: Ұлттық банк төрағасы инфляцияның басты себебін атады
22.10.2025 12:23
0
834
фото: ашық дереккөз

Қазақстандағы инфляцияның басты себебі анықталды, деп хабарлайды POLITICO.KZ CMN.KZ-ке сілтеме жасап.

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов елдегі инфляцияның үдеуіне негізгі себеп болып отырған фактор экономикадағы ақша массасының шамадан тыс көбеюі екенін мәлімдеді.

«Біздің ойымызша, инфляция, негізінен, бізде ақшаның тым көп болуынан қалыптасып отыр. Ақша агрегаттары шамамен 18 пайызға өсті. Бұған дейін аздап төмендеу байқалған еді, алайда қазір қайтадан өсім бар. Экономикаға өте көп ақша құйылып жатыр, оның екі негізгі көзі бар, бюджеттік құйылымдар және тұтынушылық несиелендірудің белсенділігі», - деді ол Мәжіліс кулуарында.

Сүлейменовтың айтуынша, отандық тауарлар мен қызметтердің ұсынысы өсіп жатқан сұранысқа ілесе алмай, нарықтағы теңгерім бұзылған. Бұл экономиканың қызуына және бағаның көтерілуіне әкеліп отыр.

«Сұраныс ұсыныстан асып кетсе, баға өсуі заңдылық. Егер тапшылық импорт арқылы өтелсе, бұл өз кезегінде шетел валютасына сұранысты арттырып, теңгеге қысым түсіреді», - деп түсіндірді Ұлттық банк басшысы.

Оның айтуынша, реттеуші орган ақша массасының өсуін шектеу шараларын қолға алмақ.

«Біріншіден, фискалдық консолидацияны қамтамасыз ету қажет бұл бағытпен Үкімет салық-бюджет кодексі арқылы айналысып жатыр. Екіншіден, тұтынушылық несиелендіруді реттеу тетіктері қажет, себебі артық сұраныс бағаны одан әрі көтереді. Біз, керісінше, экономиканың біртіндеп суытуына ықпал ету үшін ақша массасын шектеуді жоспарлап отырмыз», - деді Тимур Сүлейменов.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий