«Болмаған балалық шақ» 27 ақпанда үлкен экранға жол тартпақ

«Болмаған балалық шақ» 27 ақпанда үлкен экранға жол тартпақ
23.02.2025 21:37
0
727
Айдын Сахаман

27 ақпаннан бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларында көпшілік асыға күткен «Болмаған балалық шақ» фильмі көрсетіле бастайды. Бұл драмалық кинотуынды – танымал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі және ҚР «Дарын» жастар сыйлығының иегері Ақберен Елгезектің соңғы жылдары бестселлерге айналған «Болмаған балалық шақ» шығармасының желісі бойынша түсірілген.

Шынайы оқиғаға негізделген фильм кейіпкердің ауыр тағдыр сынақтарына толы балалық шағын баяндайды. Басты кейіпкер өмірдің қиындықтары мен әділетсіздігіне қарамастан, өз жолын тауып, адамдық қасиеттерін сақтауға тырысады. Фильм көрерменге ерекше әсер сыйлайтын оқиғалардың шынайылығы мен кейіпкерлердің терең психологиялық бейнесімен ерекшеленеді. Кинотуындының бас продюсері – автордың өзі Ақберен Елгезек, режиссері – Айдын Сахаман, ал сценарий авторы – Ефрат Шәріпов. Фильмдегі басты рөлдерді Ерлан Біләл, Берік Айтжанов, Әшім Ахметов және жас актер Шәкәрім Алмасбек сомдады.

Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» шығармасы қазақ әдебиетінде зор қызығушылық тудырған туындылардың бірі саналады. Кітап бүгінде нағыз бестселлерге айналып, 40 000-нан астам данамен таралды. Қазақ әдебиетінде көркем шығарманың мұндай ауқымды көрсеткішпен таралуы – айрықша құбылыс. Сонымен қатар бұл шығарма жеке автордан әлемдік Amazon платформасында, АҚШ-тағы танымал Barnes & Noble интернет-дүкенінде, AppStore мен Playmarket платформаларында сатылып жатқан алғашқы қазақтілді кітап болып отыр. Жақын арада туындының аудионұсқасы әйгілі Audiobooks платформасында да қолжетімді болмақ.

«Болмаған балалық шақ» шығармасы тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де мойындалды. Кітаптың башқұрт тіліндегі нұсқасы Башқұртстан Республикасында жылдың үздік прозасы ретінде танылды. Сонымен қатар шығарма қырғыз және өзбек тілдеріне аударылып, Орталық Азия оқырмандары арасында кеңінен танымал бола бастады. Осылайша туынды шекара асып, көркем әдебиетті сүйетін оқырмандардың сүйікті кітабына айналды.

Шығарма сәтті экранизацияланбас бұрын Қазақстанның үш бірдей театрында сахналанып, театр көрермендерінің де ықыласына бөленді. Барлық театр қойылымдары аншлагпен өтті. Әуелі көркем әдебиет үлгісінде танылған, кейін театр сахнасында табысты көрсетілген бұл шығарма енді отандық кино әлемінде өз орнын таппақ. Сүйікті шығармаларын театр сахнасынан тамашалаған көрермендер енді «Болмаған балалық шақ» фильмін Қазақстан кинотеатрларынан көре алады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий