«Борат» фильмі үшін Саша Барон Коэн қазақтардан кешірім сұрады
Танымал британдық әзілкеш әрі актер Саша Барон Коэн экрандағы Борат бейнесінің шынайы Қазақстанға еш қатысы жоқтығын айтып, ел халқынан кешірім өтінді. Happy Sad Confused подкастына берген сұхбатында ол кезінде Қазақстанның ресми өкілдері көтерген наразылықтың әбден орынды болғанын мойындады, деп хабарлайды Politico.kz.
Актердің айтуынша, кейіпкердің отаны ретінде алғашында Молдова мен Албания қарастырылған. Алайда ол кейін Қазақстанды саналы түрде таңдаған, себебі батыс қоғамы бұл ел жайлы тым аз білгендіктен, кез келген қисынсыз ойдан шығарылған оқиғаларға сенеді деп есептеген.
«Қазақстан елшілігінен шағым түскені рас. Шынымды айтсам, олардың наразылығы өте орынды еді», – деді актер.
Коэн кейіпкерінің оғаш акценті мен қылықтары үшін қазақстандықтардан кешірім сұрай келе, сатиралық туындының негізгі мақсаты Қазақстанды кемсіту емес, өзі сұхбаттасқан америкалықтардың надандығы мен білімсіздігін әшкерелеу болғанын алға тартты.
Еске салайық, «Борат» фильмін 2006 жылы жарық көрген Ұлыбритания мен АҚШ бірлесіп түсірген. Фильмде Борат есімді қазақстандық журналист нәсілшілдік, антисемиттік және сексистік көзқарастарды ашық білдіреді. Ал Қазақстанның өзі шындыққа жанаспайтын, әдейі бұрмаланған сипатта бейнеленеді.
Фильм қазақстандықтардың наразылығын туғызып, елдің халықаралық беделіне қатысты пікірталасқа себеп болды.
Кейін 2020 жылы оның екінші бөлімі көрсетілімге шықты.
Соңғы жаңалықтар