«Қолын қайырып алып кетті»: Павлодарда қайта сайлауға түспек болған экс-депутат қысым көргенін айтты
Павлодар облысы Май ауданының Көктөбе ауылында тұратын Бағлан Зиябеков аудандық мәслихат депутаттығына кандидат ретінде тіркелу кезінде кедергілерге тап болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Оның айтуынша, 27 қазанда №6 округтік сайлау комиссиясына құжат тапсыруға барған кезде белгісіз адамдар жолын бөгеп, кейін полиция қызметкерлері оны бөлімшеге күштеп алып кетуге әрекеттенген.
Зиябеков бұл туралы әлеуметтік желіде жариялаған видеомәлімдемесінде айтып, Қазақстан халқына және президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады.
"Депутаттыққа сайлауға қатысу үшін құжат тапсыратын кезде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері бастаған полиция қызметкерлері қолымды қайырып, сайлау комиссиясының ғимаратынан полиция бөліміне алып кетті", – деді ол видеода.
Оның сөзінше, сайлау комиссиясына бара жатқан жолда бейтаныс адамдар тоқтатуға тырысқан. Соған қарамастан, ол комиссия ғимаратына жеткен. Алайда кандидат ретінде тіркелу үшін қажетті өтінішті сұрағанда, қызметкерлер компьютердің істемейтінін айтып, құжат бермеген.
«Басқа да кедергілерге қарамастан, №6 округтік сайлау комиссиясына кірдім. Өтініш сұрағанымда, қызметкерлер компьютер жұмыс істемейтінін айтып, оны бере алмады. Күтіп отырған кезімде полиция қызметкерлері келіп, мені күштеп алып кетпекші болды», – дейді ол.
Белсенді өз парақшасында 27 қазанда болған оқиғаларға қатысты бірнеше видео да жариялаған. Жазбалардың бірінде полиция қызметкері өзін таныстырып, Зиябековті бөлімшеге алып кетуге тырысқан. Ал ол полициядан шақыру қағазын көрсетуді талап еткен.
Бағлан Зиябековтің айтуынша, ол 2023 жылы мәслихат сайлауына қатысып, депутат болып сайланған. Депутаттық қызметі аяқталғаннан кейін биыл қайтадан сайлауға түсуге ниет білдірген. Бұған дейінгі қызметінде жемқорлық мәселелерін көтергенін де атап өтті.
Оқиғаның мән-жайын білу үшін сауал жолдаған Politico.kz редакциясына полиция ҰҚК депаратментіне жүгінуді сұрады. Әзірге ҰҚК депаратментіне аталған жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
Соңғы жаңалықтар