БҚО-да туыстары 7 жыл құлдықта болды деген әйелдің өлімін тергеуді сұрайды

29.09.2026 • 16:17 Қанат АЙБАР
БҚО-да туыстары 7 жыл құлдықта болды деген әйелдің өлімін тергеуді сұрайды
357
Фото: uralskweek.kz

51 жастағы Галина Елисееваның жақындары оның жол апатынан жарақат алғанына күмән келтіреді. Бұған әйелдің бұрын соққы көргенін айтып, көмек сұрауы себеп болған. Енді туыстары оның қалай жараланғанын ғана емес, фермада қалай жұмыс істегенін де тексеруді талап етіп отыр, деп жазады «Орал апталығы» басылымы.

Галинаның бауыры Александрдың айтуынша, әпкесінің үйі өртеніп, барар жері қалмаған. Туыстарынан көмек сұрамаған әйелді кейін бейімдеу орталығынан Тасқала ауданындағы мал шаруашылығына жұмысқа алып кеткен. Жақындары бұл ферманың «IRADA PLUS» ЖШС-не тиесілі екенін айтады.

Александр мен жұбайы Ольга Галинамен 2019 жылы хабарласа алмай қалып, іздеуге кіріскен. Жұмыс берушінің нөмірін тапқанымен, ол бастапқыда мұндай әйелді танымайтынын айтқан. Бірнеше қоңыраудан кейін ғана Галинаның өзінде жұмыс істейтінін мойындап, шамамен екі аптадан соң туыстарына әкелген.

«Қатты жүдеп, ауырып келген. Денесі таңулы еді», дейді Александр.

Туыстары оны ауруханаға апарғанда, медициналық сақтандыруы да, құжаттары да жоқ екенін білген. Ал Галина еңбек шартымен жұмыс істеп жүргеніне, жұмыс беруші сақтандыру жарнасын төлеп отырғанына сенген. Кейін оған жеке куәлік жасатып, жанашыр адамдар киіммен көмектескен. Александрдың сөзінше, денсаулығы сәл түзелген әпкесінің өмірге қызығушылығы қайта ояна бастаған.

Оның айтуынша, Галина фермада 7 жыл еңбекақысыз жұмыс істеп, сыртпен байланыса алмаған. Әйел жұмыс берушісі Алмаздың телефондарды тартып алып, жұмысты баяу істегені үшін ұратынын айтқан. Ерніндегі тыртықты да сонымен байланыстырған: қаздың жүнін жұлып отырып үлгермей қалғанда, Алмаз шашынан ұстап, қабырғаға соққанын жеткізген.

Галина фермаға 17 жыл бірге тұрған серігі Артеммен барған. Александрдың айтуынша, Артем де ішімдік ішкенде оны қатты ұрған. Әпкесі қоңырау шалып шағымданған соң барғанымен, пәтердің есігін ешкім ашпай, телефондар өшіп қалатын болған. Галина кейін Артемнің телефонын тартып алатынын айтқан. Мұндай жағдай бір-екі апта бойы қайталанған, алайда Александр отбасылық іске араласқысы келмей, полиция шақырмағанын мойындайды.

Кейін Галина тағы хабарсыз кеткен. Бауыры оны соққыдан қашып кетті деп болжайды. Әйелді Артем де, жұмыс берушісі де іздеп, Александрға қоңырау шалған.

Жақындарына Галинаның жол апатынан басынан ауыр жарақат алып, облыстық ауруханада ота жасалғаны айтылған. Алайда олар бұл туралы әйел Тасқала ауруханасына түскеннен кейін, дәрігер хабарласқанда ғана білген.

Александрдың мәліметінше, Галина 6 маусымда ауыр халде облыстық ауруханаға жеткізіліп, отадан екі күн өткен соң, 8 маусымда Тасқала аудандық ауруханасына түскен. Туыстары барған кезде денесінің бір жағы салданып, арбада отырған. Бауыры миының бір бөлігі алынғанын айтады.

Ольганың сөзінше, Галина өзін Тасқалаға Алмаз әкелгенін айтқан. Дәрігерлер басқа ауруханаға ауыстырды ма, әлде ауруханадан шығарылған соң қайта жатқызылды ма, отбасы мұны білмейді.

Артем Галинаны ауруханадан алып кетіп, күтетінін уәде еткен. Әйелдің өзі де оның үш күн ішінде келетінін айтқанымен, кейін телефоны жауап бермей қалған. Туыстары Артем алып кеткен шығар деп ойлаған, бірақ Галина ауруханада қалып, 20 қыркүйекте сонда қайтыс болған.

Мәйіті сот-медициналық сараптамаға жіберілген. Александр сарапшының көптеген жарақат барын айтып, жол апаты туралы нұсқаға күмән келтіргенін жеткізді.

Туыстарына қылмыстық іс қозғалып, материалдар Тасқаладан Оралға жіберілгені айтылған. Дегенмен журналистпен сөйлескен кезде олар істің қай баппен тергеліп жатқанын да, тергеушінің кім екенін де білмеген. Александр әпкесін күштеп ұстағаны жөнінде арыз жазғысы келгенде, Тасқаладағы тергеуші оның қажеті жоқ дегенін айтады.

Жақындарының сөзінше, Галина жұмыс берушісінен қорқып, өзі арызданбаған. Александр мен Ольга Алмаздың қазір өздеріне де «Араласа берсеңдер, бұдан да жаман болады» деп қоқан-лоқы көрсетіп жүргенін мәлімдеді.

Галина Тасқалада жерленген. Туыстарының айтуынша, жерлеуді бұрынғы жұмыс берушісі ұйымдастырған. Тілшілер БҚО полиция департаментіне сауал жолдаған.

Войдите, чтобы оставить комментарий