«Бұған дейін ұлы мешітте тұрған»: Әкесін сабаған асаба туралы көршілері сөз қозғады

Түркістан облысында жаға ұстатарлық оқиға тіркелді. Шардара ауданында 40 жастан асқан асаба азамат туған әкесіне күн көрсетпей, соққының астына алып келгені белгілі болды. Жәбір көрген қария кейін көз жұмды, деп хабарлайды POLITICO.KZ Ulysmedia.kz-ке сілтеп.
Көршілердің айтуынша, 70 жастан асқан Есіркеп қарияны баласы бірнеше рет ұрып-соққан. Оны көріп, видеоға түсірген тұрғындар жергілікті әкімдікке де шағымданған. Алайда, тиісті органдардың әрекеті дер кезінде нәтиже бермеді. Қария бес күн бұрын қайтыс болған.
- Шал қайтыс болардан алдын ұрып жүргенін естідік. Видеосын әкімшілікке тапсырған дейді. Ескерту жасалғанын білдік. Содан кейін көп ұзамай шалды жерледік, – дейді ауыл тұрғыны Малика Бейсенова.
Ауыл имамының айтуынша, Алмас есімді азамат бұған дейін мешіт маңындағы қайырымдылық үйінде тұрып келген. Кейін жаңа үйге көшіп, әкесін өз қолына алған.
- Басында әкесімен бірге тұрған жоқ. Жаңа үйге көшкеннен кейін ғана қолына алған деп естідік. Бұндай жағдай боларын алдын ала білсек, жол бермес едік, – дейді ауыл имамы Нұрахмет Бекжігітов.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, күдікті асаба ретінде де, мешіттің ауласында азаншы ретінде де танымал болған. Кейін мәдениет үйінде әдіскер болып жұмыс істепті.
Соңғы жаңалықтар





