«Бүкіл ақын менің әніме сөз жазуды армандайды»: Ақберен Елгезек: «Сүйікті етші» әнін жазуыма Мейрамбек себепші болды

08.07.2026 17:19 Қарақат АСЫЛОВА
«Бүкіл ақын менің әніме сөз жазуды армандайды»: Ақберен Елгезек: «Сүйікті етші» әнін жазуыма Мейрамбек себепші болды
66
Фото: ашық дереккөз

Белгілі жазушы, «Болмаған балалық шақ» бестселлерінің авторы Ақберен Елгезек журналист Жанерке Сейфуллинаға берген сұқбатында ән әлеміне қалай келгенін әңгімеледі, деп хабарлайды Politico.kz.

Қаламгердің айтуынша, оның ән мәтінін жазуына бірден-бір себепші болған — белгілі әнші Мейрамбек Беспаев. Сазгердің арнайы тапсырысымен ол алғаш рет «Сүйікті етші» әніне сөз жазған. Сондай-ақ жазушы бүгінгі таңдағы көптеген әннің мәтініне көңілі толмаса да, ешбір авторды дүйім жұрттың алдында сынамайтынын жеткізді. Мұндай ұстанымға баруының өзіндік салмақты себептері бар екенін де ашып айтты.

«Шындап келгенде, бұл мәселені үнемі қалт жібермей, қадағалап отырамын деп айта алмаймын. Менің ән мәтінін жазуға қалай келгенімді айтсам, бәрі де түсінікті болар. Алғашқыда бұған Мейрамбек түрткі болды. Әрине, әуелі Алланың жазуы, содан кейін барып Мейрамбектің «Сүйікті етші» атты әнге сөз жазып беруімді өтінгені себеп еді. Мен: «Ән мәтінін жаза алмаймын», — деп бас тарттым. Ол бұған қатты таңғалды. «Қалай?» — дейді. «Қолымнан келмейді», — десем де қоймайды. «Ей, сен менің досым емессің бе, неге жазбайсың?» — деп ренжіді. Мен болсам: «Қойшы, жазбай-ақ қояйыншы», — деп едім, ол: «Бүкіл ақын менің әніме сөз жазуды армандайды, ал сенікі не деген талтаң?» — деген принципке кетті. Ақыры, Алланың қалауымен, бәрі де соның бұйрығымен болып, осы «Сүйікті етші» атты туынды жарыққа шықты. Содан кейін бұл үрдісті тоқтату мүмкін болмады десем де болады... Артынша мен шындап ойға баттым. Қазіргі ән мәтіндерінің деңгейі мынадай күйге түскен заманда, ертеңгі күні өсіп келе жатқан ұрпақ бізге: «Осы Ақберен, Қалқаман, Ерлан Жүніс секілді ақындар тірі еді ғой, ортамызда жүрді ғой. Басқа да қаламгерлер болды. Олар неліктен сол кезде бұл іске араласпады?» — деп ойлайды. Және бұл дұрыс ойлайтын ұрпақ», — деді Ақберен Елгезек.

Сонымен қатар қаламгер тек шынайы сұраныс пен ықылас бар жерде ғана білек сыбана іске кірісетінін, өзіне қолқа салып келген жанның бетін қайтармайтынын жеткізді.

«Әрине, мен әр әншінің соңынан жүгіріп: «Мен саған мәтін жазып берейін, сенің мына сөздерің дұрыс емес», — деп айта алмаймын, бұл — әдептілікке жатпайтын қылық. Десе де, маған «Аға, мен талай жерге жазып көрдім, бірақ мына әннің сөздері көңілімнен шықпай жүр» деп Ғазизхан секілді бауырларымыз қолқа салады. Жақында Мақсат Рахметтің, Еділ Ғаббастың жаңа бір әні жарыққа шықпақ. Осылайша біршама әнге сөз жазылды. Егер маған өтінішпен келсе, мен ешқашан бетін қайтармаймын. Сондай-ақ олардан ешқандай қаламақы да талап етпеймін», — деді жазушы.

Сонымен қатар ол көпшілікке есімі әлі кеңінен таныла қоймаған талантты қаламгерлердің де қаламынан өресі биік, сапалы туындылар туатынын алға тартып, әншілерді сондай жас буын мен тасада жүрген ақындардың да көмегіне жүгінуге шақырды.

«Өзіме: «Бұл менің қоғам алдындағы қызметім болсын. Ән болсын, өлең болсын, әйтеуір бір шетінен түзетіп, септігімді тигізейін», — деймін. Әрине, жарыққа шығып жатқан әннің бәріне сөз жазып үлгеру мүмкін емес, оған уақыт та жетпейді. Жақында бір дереккөзден «Айына екі мыңға жуық ән шығады» деген статистиканы оқып қалдым. Оның бәріне мәтін жазу — қисынсыз. Негізі, сол сұранысқа сай қаншама ақындарымыз бар ғой, бірақ біздің орындаушылар оларға бармайды. Олар не істейді? Кім танымал — соған барады: Ринат Заитовқа, Қалқаман Саринге, Ақберенге, Ершатқа немесе тағы басқа белгілі ақындарға ғана жүгінеді. Ал ақын да адам ғой, қанша жерден жүйрік болса да шаршайды, содан барып кейбір мәтіндерінде қайталаулар пайда болады. Негізінде, елімізде ақындар өте көп, солардың көмегіне жүгіну керек. Тым болмаса, дайын мәтінді көрсетіп, сараптамадан өткізіп алған жөн деп есептеймін. Ал әртүрлі подкаст пен кавер-шоуға шығып алып, тек біреуді сынап отырғаннан не пайда? Сын айтқанша, өзің де іспен дәлелдеп, бір нәрсе жасауың керек қой. Әрекет ету керек. Сонда ғана орындаушылар да: «Ана жақта ағаларымыз сапалы, тәп-тәуір ән мәтінін жазып жатыр, біздің мынауымыз ұят болады», — деп ойлана бастайды. Олар намыстанса, істің оңалғаны. Ал ұяттан жұрдай, намысы жоқ адамды мейлі сөк, мейлі сына, мейлі ұрыс — бәрібір ештеңе ұға қоймайды... Бірақ мен бұған бола аса бас қатырмаймын. Себебі мұндай бір күндік, айлық, болмаса екі айлық өткінші әндер өздігінен келеді де, ұмытылып кете береді. Ал бойында мәңгілік құндылығы бар сапалы дүние ешқашан өлмейді, тарихта қалады. Шәмшінің мәңгілік әндері мен Мұқағалидың өлмес жырлары секілді», — деп қорытты сөзін Ақберен Елгезек.

Войдите, чтобы оставить комментарий