ТЖМ вице-министрдің қызметтен кету себебін түсіндірді
Батырбек Әбдішев басқа жұмысқа ауысуына байланысты өз өтінішімен төтенше жағдайлар вице-министрі қызметінен босатылған, деп хабарлайды Politico.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Министрлік оның азаматтық қорғаныс жүйесін дамытуға және ведомство жұмысын цифрландыруға қосқан үлесін атап өтті.
«Төтенше жағдайлар жүйесінде қызмет еткен кезеңінде Батырбек Әбдішев азаматтық қорғаныс жүйесін дамытуға, соның ішінде ТЖМ мемлекеттік қызметтерін цифрландыруды жетілдіруге, Төтенше жағдайлар министрлігінің IT жүйелері мен платформаларын “Smart Data Ukimet” аналитикалық платформасымен біріктіруге, ТЖМ мен оның комитеттері және бағынышты ұйымдарының қызметін қайта жобалау мен цифрландыруға елеулі үлес қосты», — делінген хабарламада.
Әбдішев бұл қызметке 2024 жылғы сәуірде тағайындалған. Оған дейін, 1995–2024 жылдары, Қазақстанның арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет атқарған.
Батырбек Қадырбекұлы Әбдішев 1977 жылғы 19 маусымда Ақтөбе облысында дүниеге келген. 1999 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғары шекаралық командалық училищесін бітірген. «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен және II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.
Еске салайық, 5 қазанда Үкімет қаулыларымен Әбдішев пен сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков қызметінен босатылған еді. Алғашқы ресми хабарламаларда бұл шешімдердің себептері көрсетілмеген.
Соңғы жаңалықтар