Қазақстанда «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен суретшілерге арналған құрметті атақ енгізу ұсынылды

07.10.2026 • 11:03 Қарақат АСЫЛОВА
Қазақстанда «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен суретшілерге арналған құрметті атақ енгізу ұсынылды
190
Иллюстрация

Қазақстанда «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу ұсынылды. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға тиісті түзетулерді Құрылтай отырысында депутат Ләззат Жылқыбаева таныстырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Депутаттың айтуынша, заң жобасы Президенттің тапсырмасына сай әзірленген. Мақсат – отандық мәдениет пен өнерді дамытуға үлес қосқан азаматтардың еңбегін мемлекеттік деңгейде бағалау.

«Шәмші Қалдаяқов» медалімен отандық музыка өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттау көзделіп отыр. Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» атағын бейнелеу өнерінде жоғары кәсіби шеберлік танытып, еліміздің көркем мәдениетін дамытуға үлес қосқан мамандарға беру ұсынылған.

«Ұлттық мәдениет пен өнерге шын берілген азаматтардың еңбегін мемлекеттік деңгейде мойындау – олардың шығармашылығына құрмет қана емес, қоғамда еңбекқорлық пен жасампаздық құндылықтарын нығайтудың маңызды тетігі», – деді Жылқыбаева.

Депутаттар ұсынылған заң жобасын қолдады.

Шәмші Қалдаяқов – қазақ эстрадасының негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі. «Қазақ вальсінің королі» атанған композитордың танымал шығармаларының қатарында «Ана туралы жыр», «Ақ сұңқарым» және «Қаракөз» әндері бар.

Ол 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған «Менің Қазақстаным» әнінің музыкасын шығарған. 2006 жылы осы ән Қазақстанның мемлекеттік әнұранына негіз болды.

Еске салайық, бұған дейін Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Мемлекет басшысының аталған медаль мен құрметті атақты мемлекеттік наградалар жүйесіне енгізу туралы шешімін хабарлаған еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий