Жоғарғы Соттың 6 судьясы қызметінен босатылды

07.10.2026 • 10:40 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Жоғарғы Соттың 6 судьясы қызметінен босатылды
324
Коллаж: Politico.kz/ЖИ

Құрылтай Жоғарғы Соттың алты судьясын қызметінен босатты. Олардың екеуі Конституциялық Сотқа тағайындалса, төртеуі құрметті отставкаға кетуге өтініш білдірген, деп хабарлайды Politico.kz.

Президенттің судьяларды қызметінен босату туралы ұсынымын жалпы отырыста Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Дмитрий Малахов таныстырды.

«Мемлекет басшысының 2026 жылғы 23 қыркүйектегі Жарлығына сәйкес, Жоғарғы Сот судьялары Сәкен Абдолла мен Аслан Түкиев Конституциялық Соттың судьялары болып тағайындалды. Сонымен қатар Марина Боровик, Нұржан Қайыпжан, Валерий Ноздрин және Мәдениет Омарбекова құрметті отставкаға кетуге ниет білдірді», – деді Малахов.

Оның айтуынша, аталған судьялардың әрқайсысы сот жүйесінде ондаған жыл еңбек еткен.

«Олар – судьялық жолын адал атқарып, отандық сот төрелігіне елеулі үлес қосқан жоғары деңгейдегі кәсіби мамандар. Барлығы судьялар қауымында зор бедел мен құрметке ие. Құрметті депутаттар, Мемлекет басшысының ұсынымын қолдауларыңызды сұраймыз», – деді Дмитрий Малахов.

Депутаттар ұсынымды қолдап, Жоғарғы Соттың судьялары Марина Боровикті, Нұржан Қайыпжанды, Валерий Ноздринді, Мәдениет Омарбекованы, сондай-ақ Сәкен Абдолла мен Аслан Түкиевті қызметінен босату туралы шешім қабылдады. Мәселе Конституцияның 56-бабының 10) тармақшасына сәйкес қаралды.

Айта кетейік, осы отырыста Құрылтай депутаты Татьяна Савельеваның да өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.

Войдите, чтобы оставить комментарий