"Бұл - жетістік": Кремль көсемі Трамптың еңбегі Нобель таразысына тартылмай қалғанына үн қатты

11.10.2025 12:57
0
262
ФотоКоллаж: POLITICO.KZ

Владимир Путин АҚШ басшысы Дональд Трампқа Нобель бейбітшілік сыйлығының берілмеуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Ресейлік журналистердің сұрақтарына жауап берген Путиннің айтуынша, Трамп жылдар бойы созылған күрделі дағдарыстарды шешу үшін шынымен көп жұмыс істеп жатыр.

«АҚШ-тың қазіргі Президенті Нобель сыйлығына лайық па, жоқ па, оны мен білмеймін. Бірақ ол шынымен де жылдар бойы, тіпті онжылдықтар бойы жалғасып келе жатқан күрделі дағдарыстарды шешу үшін көп жұмыс істеп жатыр.

Мен мұны нақты білемін және бұрын да айтқанмын: Украинадағы дағдарысқа қатысты ол осыған шын жүректен ұмтылып жүр. Бір нәрсе жүзеге асты, бір нәрсе әлі болмады. Мүмкін, Анкоридждегі келіссөздер мен талқылаулар негізінде біз әлі көп нәрсеге қол жеткізе аламыз. Бірақ ол бұл мәселелермен бейбітшілікке жету және күрделі халықаралық жағдайларды шешу мәселелерімен шын мәнінде айналысып жүр, тырысып жатыр.

Ең айқын мысал - Таяу Шығыстағы жағдай. Егер Дональд көздегенінің бәрін соңына дейін жеткізе алса, айтқан және жүзеге асыруға тырысып жүрген істерінің бәрін орындаса бұл тарихи оқиға болар еді, бұл шынында да тарихи оқиға.

Егер байқаған болсаңыздар, мен кеше Ирак премьер-министрі Мұхаммед Суданимен сөйлестім, ол қазір Араб мемлекеттері лигасына төрағалық етіп отыр. Біз онымен Ресей мен Араб мемлекеттері лигасы арасындағы кездесуімізді кейінге шегеру туралы келістік. Бұл менің бастамам болды. Мен мұны Таяу Шығыста қазір қалыптасып, жүріп жатқан бейбітшілік процесіне - ол, айтпақшы, Трамптың бастамасымен және тікелей қатысуымен іске асуда - кедергі келтірмеу үшін жасадым. Бұл жетістік емес пе? Бұл - жетістік.

Бірақ тағы да қайталап айтам: ол бұл сыйлыққа лайық па, жоқ па, немесе мұндай жетістіктердің өзі осы сыйлыққа лайық па мұны мен шешпеймін», - деді Путин жұма күні ресейлік журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығы Венесуэла оппозициясының жетекшісі Мария Корина Мачадоға берілді. Сыйлық иегері 10 қазанда Ослода жарияланды.

Дональд Трамп бұған дейін Израиль мен араб елдері арасындағы қарым-қатынасты реттеу және бірқатар қақтығысты тоқтатудағы күш-жігері үшін Нобель сыйлығына лайық екенін бірнеше рет мәлімдеген. Ол сыйлықтың тек өзіне ғана емес, Америка Құрама Штаттарының мүдделеріне арналуы керегін айтып, кез келген басқа шешімді Америка үшін «қорлау» деп санайтынын жеткізген.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий