Бұрын коронавирус жұқтырған адамдар 50% жиірек және ұзақ уақыт ауырады

Коронавируспен ауырған адамдар кейінгі кезеңде өзге инфекциялық ауруларды жиі әрі ұзақ уақыт бойы өткереді, деп хабарлайды POLITICO.KZ Stan.kz ақпарат агентігіне сілтеме жасап.
Сент-Луис университетінің (АҚШ) ғалымдары жүргізген кең ауқымды зерттеу нәтижелері COVID-19 вирусын жұқтырған адамдардың иммундық жүйесінде ұзақмерзімді өзгерістер болатынын айғақтады. Олар COVID-19-дан жазылған 200 мыңнан астам адам мен бұл індетпен ауырмаған 600 мың адамның медициналық деректерін салыстырмалы түрде сараптап, бұрын коронавирус жұқтырғандардың бактериялық, саңырауқұлақтық және вирустық инфекцияларға 20-50% жиірек шалдығатынын анықтады.
Зерттеу авторларының айтуынша, тіпті ауру жеңіл түрде өткен науқастардың өзі кейіннен суық тию, тыныс алу жолдарының қабынуы, өкпенің жедел зақымдануы сияқты ауруларға бейім болатыны байқалған. Бұрынғы COVID-19 жұқтырған науқастардың жөтелі ұзаққа созылып, сырқаттану кезеңі ауыр өтетіні де зерттеу нәтижелерінде атап көрсетілген. Бұл жағдай әсіресе маусымдық инфекциялар өршіген тұста өзекті мәселе болып отыр.
Ғалымдар мұның нақты себебін әлі толық түсіндіре алмай отыр. Дегенмен олар коронавирустың ағзадағы шырышты қабықтарға әсер етіп, оларды патогендердің енуіне әлдеқайда бейім етіп жіберуі мүмкін деген болжам ұсынуда. Бұл өз кезегінде иммундық жүйенің қорғаныс қабілетін төмендетіп, басқа ауруларға қарсы тұруын әлсіретеді. Мамандар бұл құбылыстың биологиялық тетіктерін тереңірек зерттеу қажет екенін айтып, қосымша ғылыми жұмыстардың қажеттігін алға тартып отыр.
Осылайша, COVID-19-дың денсаулыққа ұзақ мерзімді әсері әлі де толық зерттеліп болмағанымен, оның ағзадағы иммундық тұрақтылыққа теріс ықпал ететіні дәлелденіп келеді. Бұл ақпарат бұрын вирус жұқтырған азаматтарға өз денсаулығына мұқият қарап, профилактикалық шараларға көбірек мән беру қажеттігін көрсетеді.
Соңғы жаңалықтар





