"Бұрынғы әкімнің қызы": танымал кәсіпкердің қызын буллингке ұшыратқан кім?
Қазақстандық кәсіпкер Қанат Әміркин әлеуметтік желіде Алматыдағы жекеменшік мектептердің бірінде болған ауыр жағдай туралы мәлімдеген еді, деп хабарлайды Politico.kz.
Оның айтуынша, қызы ұзақ уақыт бойы буллингке ұшырап, соның салдарынан суицидке әрекет жасап, қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғаған.
Бәріне кінәлі Досаевтың қызы ма?
Кәсіпкердің жазуынша, бұл жағдай аяқ астынан болмаған. Ол бір жыл бойы мектеп әкімшілігіне қызының қорлық көріп жүргенін айтып, мәселені шешуді сұраған, алайда нақты әрекет жасалмаған.
«Қымбат мектеп – жақсы мектеп деген сөз емес. Мен жыл бойы дабыл қақтым, көмек сұрадым, бірақ немқұрайдылық пен салқын жауаптан басқа ештеңе көрмедім. Бүгін біз кешірілмейтін шекке жеттік – мектеп қабырғасында суицидке әрекет жасалды. Қазір балам жансақтауда», – деп жазды ол.
Сонымен қатар ол буллинг жасаған бұрынғы әкімнің қызы екенін айтта кетті. Басқа балалардың ата-аналары да көп айға созылған буллингке 14 жастағы, Алматының бұрынғы әкімі болған тұлғаның қызы қатысы барын жоққа шығармайды. Бұл ақпарат ресми түрде әлі расталмаған.
Танымал журналист Айжан Хамит мынандай пікір жазды.
Қанат Әміркиннің мектептегі буллинг туралы жазбасына жазылған пікірлерде қорлауды ұйымдастырған – Алматының бұрынғы әкімі болған адамның қызы деген мәлімет айтылған. Пікір қалдырушылар бұл шенеуніктің аты бұған дейін де бірқатар даулы оқиғалармен байланысты болғанын еске салады.
Атап айтқанда, ол кезінде Шымкентте балалардың ВИЧ жұқтыру дерегімен, кейін жер мәселесіне байланысты митингілердің туындауымен, сондай-ақ әкім болып тұрған кезінде журналистерге қысым көрсетумен аты аталған", деп жазды ол.
Айта кетейік, Ерболат Досаевтың есімі Қазақстандағы ауруханаларда ВИЧ жұқтыру дауларымен байланысты аталады. 2006 жылы ол Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарып жүрген кезінде Шымкентте 149 баланың жаппай ВИЧ жұқтыру дерегі тіркелгеннен кейін отставкаға кеткен.
Полиция не дейді?
Алматы қалалық полиция департаменті Tengrinews.kz-ке Наурызбай аудандық полиция басқармасында аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Полицияның мәліметінше, қазіргі уақытта болған жағдайдың барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға құқықтық баға беріліп, қолданыстағы заңнама аясында процессуалдық шешімдер қабылданады.
Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті де жағдайға байланысты пікір білдірді. Комитеттің хабарлауынша, оқиғаның себептері анықталып жатыр.
Алматы қаласының Психологиялық қолдау орталығының мамандары мен білім басқармасы өкілдері қатысқан мобильді топ оқиға орнына шыққан. Зардап шеккен балаға жеке психологиялық сүйемелдеу ұйымдастырылады, ал ауруханадан шыққаннан кейін оның жағдайы тұрақты бақылауда болады.
Білім басқармасы ше?
Сондай-ақ мектеп әкімшілігіне мұғалімдермен алдын алу жұмыстары жүргізу, балалардағы суицидтік мінез-құлық белгілерін ерте анықтау және мұндай жағдайлардың алдын алу бойынша ұсыныстар берілген.
Қалалық білім басқармасы жанынан құрылған мониторингтік топ жұмысын бастап кеткен. Оның құрамына білім саласының сарапшылары, психологиялық қолдау және балалар құқығын қорғау орталықтарының өкілдері, Қоғамдық кеңес мүшелері, сондай-ақ Наурызбай аудандық полициясы мен ювеналды полиция қызметкерлері кірген.
Қазіргі таңда жекеменшік мектепте жағдайды жан-жақты зерделеу жұмыстары жүріп жатыр. Тексеру нәтижесіне сәйкес заң аясында тиісті шаралар қабылданады. Мәселе ерекше бақылауда екені атап өтілді.
Соңғы жаңалықтар