Бұрынғы вице-министр Әділбек Сәрсембаев қамауға алынды

10.12.2025 12:24 Арман Ермеков
Бұрынғы вице-министр Әділбек Сәрсембаев қамауға алынды
0
511
Фото: ашық дереккөз. Суретте: Әділбек Зейнуллаұлы

Астанада Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бұрынғы вице-министрі Әділбек Сәрсембаев ұсталды. 47 жастағы экс-шенеунікке Қылмыстық кодекстің 361-бабы «Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану» бойынша айып тағылуда. Бұл туралы белгілі журналист Михаил Козачков хабарлады.

Дереккөздің мәліметінше, Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері Сәрсембаевты әскери техниканы сатып алуға қатысты шулы қылмыстық іс аясында тергеп жатыр. Тергеу болжамы бойынша, экс-вице-министр «KAZYTEC» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін заңсыз түрде әскери техника жеткізуші етіп тағайындауға ықпал еткен.

Негізгі қылмыс схемасы жойғыш ұшақтарға арналған қосалқы бөлшектерді сатып алу кезінде жүзеге асқан. «ҚАЗАРНАУЛЫЭКСПОРТ» кәсіпорны бұл тапсырысты орындау үшін тиісті біліктілігі жоқ «KAZYTEC» компаниясын тартқан. Нәтижесінде мемлекетке 600 миллион теңге көлемінде залал келтіріліп, ұшақтар қажетті бөлшектерсіз қалған.

Еске сала кетейік, биыл жазда осы іске қатысты «ҚАЗАРНАУЛЫЭКСПОРТ» РМК-ның бұрынғы басшысы Арман Рамазановқа сот үкімі шыққан болатын. Ол пара алғаны және заңсыз кәсіпкерлікке жәрдемдескені үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеушілердің пайымдауынша, дәл осы «KAZYTEC» басшысы Азамат Шәмерденов Рамазановқа пара берген.

Тағы бір қызықты дерек – ұсталған шенеуніктің отбасылық тарихы. Әділбектің әкесі Зейнулла Сәрсембаев та кезінде жоғары лауазымды шенеунік болған, нақтырағы – Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі. 2009 жылы ол да қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, 522,6 миллион теңге жымқырды деген айыппен ұсталып, кейіннен 3 жылға шартты түрде сотталған еді.

Қазіргі уақытта Әділбек Сәрсембаевқа қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі қарастырылуда. Егер оның кінәсі дәлелденсе, ол 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Әзірге Әділбек Сәрсембаевқа қатысты ресми органдар нақты мәлімдеме жасаған жоқ.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий