Бюджетке 730 млрд теңге салық түспеген – ЖАП ірі қателіктерді атады

15.07.2026 11:25 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Бюджетке 730 млрд теңге салық түспеген – ЖАП ірі қателіктерді атады
70
Фото: ЖАП

Биыл Қазақстанның республикалық бюджетіне 730 млрд теңге көлемінде салық түспей қалған. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) хабарлады, деп жазады Politico.kz.

Ведомствоның мәліметінше, салықтық және кедендік бақылаудың тиімділігіне жүргізілген тексеру аяқталып, мемлекеттік қазына жоспарының 4,8 пайызға кем орындалғаны белгілі болды. Бұған салықтық болжамның 1,3 трлн теңгеге артық жоспарлануы негізгі себеп болған.

Сонымен қатар соңғы төрт жылда қосымша салық есептеу бойынша даулы істердің жартысынан астамы кәсіпкерлердің пайдасына шешілген. Аудиторлар мұны салық заңнамасын бұзу мен тексеру актілерін толтыру кезіндегі қателіктермен байланыстырып отыр. Осыған орай мамандар салықтық тексерулердің сапасын қатаң бақылауға алуды ұсынды.

Кедендік бақылау саласында да бірқатар олқылық табылған. Мәселен, тауарларды елге кіргізу кезінде негізсіз жеңілдіктер беріліп, тек электромобильдерге арналған артықшылықтар гибридті көліктерге де қолданылған. Тек осы фактінің өзінен бюджетке 70 млн теңге түспегені анықталып отыр. Бұдан бөлек сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын 34 кәсіпорын импорт кезінде қосылған құн салығын заңсыз төлеп, мемлекетке 670 млн теңгеден астам шығын келтірген.

Сондай-ақ кедендік рәсімдерді жеңілдету құқығы бар компаниялардың жұмысы дұрыс бақыланбағандықтан, кейбір операторлар қызметін тоқтатуға негіз болса да мемлекеттік жеңілдіктерді заңсыз пайдалана берген. Мамандар аяқ киімді міндетті таңбалау жүйесі де салық түсімін арттыруға толық қызмет етпей отырғанын алға тартты. Осыған байланысты Мемлекеттік кірістер комитетіне қызмет сапасын бақылау мен мониторингті жақсарту міндеттелді.

Жалпы тексеру қорытындысы бойынша 2,7 млрд теңгенің қаржылық заң бұзушылығы әшкереленіп, 33 рәсімдік және 11 жүйелі кемшілік тіркелген. Қазіргі уақытта палата тиісті ұсынымдар әзірлеп, орындау үшін жауапты мекемелерге жолдады.

Войдите, чтобы оставить комментарий