Цифрлық трансформация қала тынысын ашады
Алматыдағы Оқушылар сарайында XIV Азаматтық форум өткен еді. Бұл жиынға 300-ден астам қатысушы жиналды. Олардың арасында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, мемлекеттік құрылымдар мен бизнес саласының мамандары бар. Форумды Алматы қаласының Ішкі саясат басқармасы ұйымдастырды, деп жазады POLITICO.KZ.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков жиналғандарды құттықтап, мегаполис дамуының басты бағыты ретінде цифрлық технологиялардың маңызын айтты.
«Бүгінде цифрлық трансформация заманауи қаланың тынысы болып отыр. Бірақ оны тек бір мекеменің немесе мемлекеттің күшімен іске асыру мүмкін емес. Бұл бағытта қоғам, үкіметтік емес ұйымдар және тұрғындар бірлесе әрекет етуі керек. Соның жарқын мысалы ретінде Халықтың қатысу бюджеті жобасын айтуға болады. Сонымен бірге, Алматыда алғаш рет Жастардың қатысу бюджеті енгізілді. Цифрлық технологиялар арқылы мемлекеттік қызметтер халыққа қолжетімді болып, ашықтық қамтамасыз етіледі. Бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алады және қоғамның сенімін арттырады. Ал сенім – дамудың басты кепілі», деді ол.
Қалалық мәслихат депутаты Алтынай Көбеева тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландырудың маңызын айтты.
«Мен форумда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыру туралы бастама көтердім. Себебі бұл Алматы тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Қала тұрғындары ақшасының қайда жұмсалып жатқанын анық көруі керек. Цифрлық сервистер тұрғындарға да, басқарушы компанияларға да ыңғайлы. Олар арқылы ақпаратты тез алып, төлем жасау мен шығынды бақылау жеңілдейді. Мұндай жүйе халықтың мемлекетке деген сенімін арттырады», деді депутат.
Физика және математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаев цифрлық даму мен қазақ тілінің байланысы туралы айтты.
«Қазір көптеген заманауи технология қазақ тілінде толыққанды жұмыс істей алмайды. Мысалы, ChatGPT және басқа платформалар қазақ тілінде толық жаза алмайды, еркін сөйлей алмайды. Бұл үлкен мәселе. Егер біз жаңа технологияларды қазақ тілімен ұштастырмасақ, онда тіл дамудан қалып қояды. Сондықтан қазақ тілі цифрлық кеңістікте өз орнын алуы керек. Тіл ғылыммен және заманауи шешімдермен бірге дамығанда ғана өміршең болады», деді ғалым.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан да тіл мен технология тақырыбын жалғады.
«Біздің институт қазақ тіліндегі сөздер мен терминдерді, олардың құрылымы мен мағыналарын жүйелеп, арнайы онлайн-платформа құрды. Бұл жерде тілдің барлық деректері мен статистикасы жинақталған. Бұл тілдің цифрлық ортаға бейімделуінің нақты көрінісі. Цифрландыру тек техника мен интернет емес. Бұл ұлттық болмысты, мәдениетті және тілді заманауи тәсілмен сақтау мен дамыту», деді ол.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова да сөз алып, цифрлық ел болудың маңызын айтты.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында еліміз толық цифрлы мемлекетке айналуы керек екенін айтты. Бұл халықтың өмір сапасын арттырумен байланысты. Алматы бұл бағытта ерекше рөл атқарады. Мұнда қоғамға әсер етіп жүрген белсенді жастар көп. Сол жастар цифрландыру үдерістеріне, волонтерлік қозғалыстарға және әлеуметтік бастамаларға белсенді қатысып келеді. Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 2026 жылды Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Бұл бастама Мемлекет басшысы тарапынан 2020 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы мінберінен алғаш рет көтерілген болатын. Бұл Қазақстан тәжірибесінің әлемдік деңгейде мойындалуының нақты дәлелі», деді ол.
Қазақстан халқына қорының басқарма төрағасы Ләззат Чинкисбаева форумда қордың негізгі мақсатын түсіндірді.
«Қордың басты міндеті азаматтарға нақты көмек көрсету. Қазір әр адам Қазақстан халқына порталы арқылы өтініш бере алады. Бұл үшін жеке кабинет қарастырылған, әр өтінішті тек бекітілген маман қарайды. Біз азаматтардың жеке деректерін толық қорғаймыз және олардың үшінші тұлғаларға берілмеуін қамтамасыз етеміз», деді ол.
Ләззат Чинкисбаева қордың үш негізгі бағытын атап өтті. Қор денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау салаларында жұмыс істейді. Білім саласында Coursera халықаралық платформасының лицензиясын сатып алынған. Бұл жастарға әлемнің үздік онлайн курстарын оқуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мектептерде жасанды интеллект, роботтехника және цифрлық технологиялар пәндері енгізіліп жатыр. Әлеуметтік салада QH Жігер жобасы іске асырылуда. Бұл жоба он сегіз жастан асқан ерекше қажеттілігі бар адамдардың өмірге бейімделуіне және заманауи құралдар арқылы сапалы оңалту алуына көмектеседі.
Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың серіктестігі нақты нәтиже беріп жатқанын айтты.
«Қоғамдық бақылау туралы заң қабылданды, қоғамдық кеңестер туралы заңға түзетулер енгізілді, петициялар туралы заң қабылданды. Мұның бәрі азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған маңызды құралдар. Бірақ біздің тәжірибеміз көрсеткендей, Қазақстанға үкіметтік емес ұйымдар туралы жеке заң қажет. Бұл үшінші секторды дамытудағы үлкен қадам болмақ», деді.
Бану Нұрғазиева Алматының азаматтық бастамалар орталығы ретіндегі орнын да атап өтті. Дәл осы қалада Невада Семей қозғалысы басталды. Ол ядролық қаруға қарсы күрестің символына айналып, бүкіл әлемге үлгі болды. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда мұндай бастамалар азаматтық қоғамның шынайы күш екенін көрсетеді. Форум соңында Бану Нұрғазиева жаңа ұсыныс айтты.
«Алматыдағы үкіметтік емес ұйымдар еліміз бойынша ең белсенді. Сондықтан дәл осы қалада ҮЕҰ үйін ашу қажет. Бұл ынтымақтастық пен дамуға арналған заманауи алаң болар еді. Осындай орталық Қостанайда он төрт жылдан бері жұмыс істеп келеді. Алматы да мұндай мүмкіндікке әбден лайық», деді.
Соңғы жаңалықтар