Алматыда қоқысты энергияға айналдыратын зауыт салынады
Алматыда 29 мамыр күні тұрмыстық қалдықтарды өңдеп, электр энергиясын өндіретін жаңа зауыттың құрылысы басталады, деп хабарлайды Politico.kz.
Жоба Қытайдың экология саласындағы ірі компанияларының бірі — Hunan Junxin Environmental Protection Co., Ltd қатысуымен жүзеге аспақ. Бұл мәселе Қазақстан Үкіметінің басшысы Олжас Бектенов пен компания директорлар кеңесінің төрағасы Дай Даого арасындағы кездесуде талқыланды.
Жоба аясында Алматыда қалдықтарды энергетикалық жолмен кәдеге жарату кешені салынады. Инвестиция көлемі 145,5 миллиард теңгені құрайды. Зауыт тәулігіне 2 мың тоннаға дейін қоқыс өңдеп, 60 мегаваттқа дейін электр энергиясын өндіре алады.
Үкімет басшысы бұл бастама еліміздің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған маңызды жобалардың бірі екенін атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин арасындағы серіктестік экономикалық ынтымақтастықты дамытуға жаңа мүмкіндік беріп отыр.
Қытайлық компания өкілдері зауыт екі жыл ішінде толық іске қосылатынын мәлімдеді. Жоба нәтижесінде жыл сайын атмосфераға тарайтын шамамен 200 мың тонна көмірқышқыл газы азайып, қоқыс полигондарының көлемі қысқарады деп күтілуде.
Сонымен қатар жаңа кәсіпорын құрылысы кезінде 700-ге жуық уақытша жұмыс орны ашылады. Ал зауыт пайдалануға берілген соң 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Жоба аясында “жасыл” энергия орталықтарын құру, заманауи технологияларды енгізу және қазақстандық мамандарды даярлау жоспарланып отыр.
Соңғы жаңалықтар