"Дәлелдер бар": Атырауда жоғалған отбасыға қатысты тың деректер жарияланды
Атырау облысында қоғам назарын аудартқан трагедияға қатысты тергеу барысында басты күдікті ретінде танылған Сұлтан Сәрсемәлиев жайлы жаңа мәліметтер жарияланды, деп жазады Politico.kz.
Атырау облысы полиция департаментінің өкілі Мейірім Ердәулет Kursiv Media YouTube-арнасына берген сұхбатында Жангелдин ауылында ерлі-зайыптының өліміне байланысты істің қалай өрбіп жатқанын және не себепті отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиевке іздеу жарияланғанын түсіндірді.
Оның айтуынша, адамды күдікті деп тану – тек полицияның жеке шешімі емес, бірнеше құқықтық сатыдан өтетін процесс.
«Күдікті деп тану – тергеу органдарының ғана емес, прокуратура мен соттың санкциясы арқылы қабылданатын шешім. Полиция бұлтартпас дәлелдерді жинап, оны заңды түрде дәлелдеуі тиіс», – деді полиция өкілі.
Ресми дерекке сәйкес, Сұлтан Сәрсемәлиев пен оған қатысты тұлғалар Атыраудан Шымкентке, кейін Өзбекстан аумағына өткен. Осыған байланысты ол халықаралық іздеуге жарияланған.
«Қазіргі таңда халықаралық іздеу жұмыстары құзырлы органдар арқылы жүргізіліп жатыр. Бұл қылмысқа басқа да адамдардың қатысы болуы мүмкін деген нұсқа тергелуде. Алайда тергеу мүддесіне байланысты кейбір ақпарат әзірге жарияланбайды», – деді Мейірім Ердәулет.
Құқық қорғау органдары күдіктілердің жүрген жерін анықтау және істің барлық мән-жайын толық ашу бағытында тергеу амалдарын жалғастырып жатыр.
Соңғы жаңалықтар