Дархан Сатыбалды: метро құрылысы уақытында әрі сапалы аяқталуы тиіс

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды метрополитен жобаларының іске асырылу барысымен танысты.
Жұмыс сапары аясында бірінші желінің үшінші кезеңін дамыту жоспары таныстырылды. Бұл кезеңде «Қалқаман» станциясынан бастап «Барлық» базары маңына дейінгі бағыт қарастырылған. Сонымен қатар, «Қалқаман» станциясының құрылысы да жүргізілуде.
Жаңа тармақтың ұзындығы 5 шақырымнан асады. Ол үш станцияны қамтиды:
- Наурызбай ауданы әкімдігі маңында,
- Алатау даңғылы мен Төле би көшесінің қиылысында,
- «Барлық» базары жанында
Соңғы нүктеде ірі көлік торабы салынады. Ол метроны, жеңіл рельсті транспортты, қалааралық автобекетті және автотұрақты біріктіретін болады.
«Қалқаман» станциясы ерекше мәнге ие. Күніне 100 мыңнан астам жолаушының пайдалануы күтілуде. Қазіргі таңда негізгі жер қазу жұмыстары аяқталды, бір тоннель толық қазылып, инженерлік жүйелердің монтажы басталды. Монолиттік құрылыс жұмыстарының 75%-дан астамы орындалған. Станция құрамында:
- платформалық бөлік,
- екі вестибюль,
- үш кіреберіс,
- техникалық блок және
- понижаушы қосалқы станция қарастырылған.
Бас мердігер «BCN Group» нысанды мерзімінен бұрын тапсыруды жоспарлап отыр. Қараша айында бетондау жұмыстары толық аяқталып, инженерлік және әрлеу кезеңіне көшу көзделген. Сонымен қатар, станцияны уақытында іске қосу үшін қажетті жабдық пен материалдар жеткізілуде.
Жобада ұзындығы 3 шақырымнан асатын екі тоннель салу қарастырылған. Бір тоннель толық аяқталып, заманауи технология арқылы рельстер төселуде. Бұл пойыздардың қозғалысын барынша жайлы әрі шусыз етеді. Екінші тоннельдің қазу жұмыстары келесі жылдың басында аяқталмақ.
Сапар барысында Дархан Сатыбалды жобаның нақты аяқталу мерзімін қаржыландыру көлемін ескере отырып анықтауды тапсырды. Әкімнің айтуынша, метрополитеннің дамуы Алматыдағы көлік жүктемесін азайтып, қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға ықпал етеді.
«Жаңа станциялар мен көлік тораптарының құрылысы – бұл тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігіне салынған инвестиция. Біз жұмысты уақытында әрі жоғары сапада аяқтауымыз қажет», – деді Дархан Сатыбалды.
Соңғы жаңалықтар





