Дәрігерді өлтірген медбике 20 жылға сотталды

Ақтөбелік дәрігердің ажалына себепкер болған әріптесі алдағы 20 жылын темір торда өткізбек, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Ақтөбеде алқабилер соты танымал дәрігер-нефролог Абай Айсағалиевті пайдакүнемдік мақсатта өлтіріп, ірі көлемде ұрлық жасады деп айыпталған аға медбике Нұрсұлтан Шаймерденовке қатысты үкім шығарды. Ол 20 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сотта анықталғандай, осы жылдың мамыр айында болған қайғылы оқиға алдын ала жоспарланған. Дәрігердің жинаған қаражаты барынан хабардар болған Шаймерденов түнде оның үйіне келген. Ол дәрігерге пышақ жарақатын салып, балтамен ұрып өлтірген. Содан кейін оның заттарын және банкоматтан ақша шешу үшін силиконды маска киіп, есепшотынан 5 миллион теңгеден астам қаражатты ұрлаған.
Қылмыскер дәрігердің денесін мұздатқыш камераға жасырып, кейін қылмыс іздерін жасыру мақсатында оны әртүрлі жерге тасымалдаған.
Сотта медбике кісі өлтіргенін мойындағанымен, бұл әрекетті абайсызда жасағанын айтып ақталуға тырысты. Алайда, алқабилер оның бұл сөзін жалған деп танып, қылмыстың алдын ала ойластырылғанын анықтады.
Сот Нұрсұлтан Шаймерденовке 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, оны марқұмның ұлына моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге төлеуге міндеттеді.
Марқұм Абай Айсағалиевтің туыстары оның мейірімді, жанашыр адам болғанын, отбасының оны қатты жақсы көргенін айтты. Оның қазасы жақындары мен әріптестері үшін ауыр соққы болды.
Естеріңізге сала кетейік, Ақтөбеде дәрігер Абай Айсағалиевтің өліміне қатысты алғашқы сот отырысы 11 қыркүйекте басталған болатын.
Соңғы жаңалықтар





