«Дәрілер де көмектеспейді»: Астанада краннан құлап, бір аяғынан айырылған жалғызбасты ана жан айқайын жеткізді
Елордада 31 тамызда орын алған қайғылы оқиға салдарынан құрылыс кранынан құлаған үш баланың анасы Ақмарал Қарабалиеваның жағдайы өте ауыр, деп хабарлайды Politico.kz.
KTK арнасының мәліметінше, биіктен құлаған келіншек жақында ғана есін жиған. Аурухана төсегіне таңылған жалғызбасты анаға бір айдың ішінде бес күрделі ота жасалып, дәрігерлер оның бір аяғын кесуге мәжбүр болған. Оған қоса денесінің сау-тамтығы қалмай, бүйрегі де зақымданған.
Ақтөбеден нәпақа іздеп келген отбасының қазіргі жағдайы тым мүшкіл. Өлім мен өмір арасында арпалысып жатқан әйелдің артында кәмелетке толмаған үш баласы және мойнында 19 миллион теңге ипотекалық несиесі қалған. Ақмарал бұл қауіпті салаға балаларын асырау үшін амалсыздан барғанын айтады:
«Айлығы тәуір болған соң, жан бағу үшін қиын болса да осы жұмысқа кірдім. Қазір ауырғанды басатын дәрілер де көмектеспейді. Кейде жаныма қатты батқанда: "Алла тағала мені алып кетсе екен" деп те тілеймін. Әу баста кранның әлсіз бекітілгенін айтып ескерттім. Бірақ басшылық: "Жоқ, бүгін жұмысты бітіруіміз керек" деп жекіді. Бекітілмеген техникаға үшеуіміз міндік те, кран салмақты көтере алмай опырылып түсті», – дейді көз жасына ерік берген жәбірленуші.
Апат кезінде кабинада болған слесарь оқиға орнында қаза тапқан. Ал жауапты құрылыс компаниясы еңбек ету қабілетінен біржола айырылған келіншекке бар болғаны үш айлық жалақысын беріп, құтылуға тырысқан. Басшылық телефон қоңырауларына жауап беруден қашса, әріптестері жауапкершіліктен ат-тонын ала қашуда.
Астана қалалық Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің бөлім басшысы Рустам Жандосовтың айтуынша, жұмыскер мен компания арасында заңды еңбек және сақтандыру шарттары бар болғандықтан, Еңбек кодексі шеңберіндегі барлық өтемақы төленуге тиіс. Алайда ипотеканы өтеу мәселесі тек тараптардың өзара келісіміне байланысты.
Қазір арнайы комиссия тексеру жүргізіп жатыр. Науқас ауруханадан шығып, мүгедектігі рәсімделген соң оған тиісті сақтандыру төлемдері мен ай сайынғы жәрдемақы тағайындалмақ. Ал бір аяғынан айырылған үш баланың анасы іске ықпалды адамдар араласып, тиесілі өтемақыдан қағылып қалмауды ғана тілеп отыр.
Соңғы жаңалықтар