Даулы шенеуніктің ұлы Астананың бас салықшысы болып тағайындалды
Бұрынғы даулы шенеуніктің ұлы Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
22 қазан күні Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне жаңа басшы тағайындалды. Бұл қызметке бұрын атышулы дауларға іліккен Алматы облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бағдат Манзоровтың ұлы Серік Манзоров Бағдатұлы келді.
Жаңа басшыны ұжымға Қаржы министрлігі Аппарат басшысы Ернар Ержанов таныстырды.
Серік Манзоров бұл лауазымға дейін, 2021 жылдың 29 қыркүйегінен бастап, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментін басқарған болатын. Енді ол елорданың бас салықшысы қызметіне кірісті.
Серік Манзоровтың әкесі Бағдат Манзоров бұрын сыбайлас жемқорлық пен алаяқтыққа қатысты бірнеше ірі даулы оқиғаларға қатысы бар тұлға ретінде танымал.
2019 жылдың қыркүйегінде ол Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметінде жүргенде қызметтік бабын пайдалана отырып, аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталған болатын. Кейіннен іс тергеу барысында «Пара алу» бабынан «Алаяқтық» бабына қайта сараланғаны хабарланды.
Алайда, 2019 жылдың 28 қазанында Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Манзоровқа қатысты қылмыстық істі «қылмыс оқиғасының болмауына байланысты» ресми түрде тоқтатты. Осыдан кейін ол өз қызметтік міндеттерін атқаруға қайта кіріскен.
2020 жылдың 10 ақпанында Бағдат Манзоров Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметінен өз еркімен кеткен. Сол кезде ол өзіне тағылған айыптардың тапсырыс және арандату екенін мәлімдеген болатын.
Манзоров Серік Бағдатұлы - 1983 жылы Талдықорған қаласында дүниеге келген. Бірнеше жоғары оқу орнын тәмамдаған, мамандығы - заңгер, қаржыгер. Мемлекеттік қызметте 2006 жылдан бері жұмыс істейді. Әр жылдары Алматы және сол кездегі Нұр-Сұлтан қалаларында түрлі басшылық лауазымдар атқарған.
Соңғы жаңалықтар