Дінтанушы Досай Кенжетай: Фрейдизм біздің түбімізге жетеді

09.07.2026 17:17 Қарақат АСЫЛОВА
Дінтанушы Досай Кенжетай: Фрейдизм біздің түбімізге жетеді
65
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Белгілі дінтанушы-ғалым Досай Кенжетай заманауи психологияның бағыт-бағдары мен қоғам санасына тигізіп жатқан әсері туралы сөз қозғап, адам болмысының шынайы табиғатын сипаттады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол Айнұр Асанбердінің «Әңгіме бар» YouTube-подкастында әңгімеледі.

«Бүгінгі таңда Ислам негізіндегі психологиялық платформаны заманауи ғылыми психология аса қабылдай бермейді. Себебі олардың қалыптасқан шаблоны тек тар шеңбердегі ғылыми таныммен шектеліп қалған. Біздің қоғамның санасын баяғы "фрейдизм" ағымы улап тастады. Тіпті қазіргі қабылданып жатқан заңдардың артында да Фрейдтің психологиялық принциптері тұр десек артық айтқандық емес», — деді дінтанушы.

Сонымен қатар ғалым бүгінгі қоғамда белең алған кейбір сылтаулар мен жасанды ұғымдардың астарына үңіліп, адамның биологиялық тіршілік иесінен биік екенін алға тартты.

«Қазір қайда барсаң да "психологиялық травма" деген бәлені алдан шығарады. "Бала кезіңде әке-шешең қатты сөйледі — травма алдың, қатал болды — жарақаттандың" деген секілді сылтаулар көбейді. Бұл не деген сөз? Бұл — адамды тек биологиялық тіршілік иесі ретінде ғана көру. Сонда адам баласы жәй ғана жансыз ағаш болғаны ма? Адамның ұлттық құндылықтары, қайғысы мен санасы қайда? Баяғы ұлы махаббаты қайда қалды? Махаббат деген кез келген ішкі жарақатты өртеп жіберетін құдіретті от емес пе?!» — деді Досай Кенжетай.

Сөз соңында Досай Кенжетай адам жанының рухани тереңдігі мен батыс оқымыстыларының тұжырымдары арасындағы қарама-қайшылықтарды нақты мысалдармен дәлелдеді.

«Бала күнінде таяқ жегенін алға тартып, алпыс екі жасқа келгенше өкпелеп, жігерсіз болып отыру адамдық болмысқа жараса ма? Иә, психоаналитиктер кез келген нәрсені жарақат деп қабылдайды. Сөзсіз, өмірде зорлық-зомбылық көрген қарындастарымыз бен қиын тағдыр иелерінің басындағы терең қасіреттерді жоққа шығаруға болмайды, ол — мүлдем басқа мәселе. Ал күнделікті тұрмыстағы ұсақ-түйек дүниелерге келсек, адамның ұмыту қасиеті бар. Құран Кәрімде де адам баласын "әл-инсан", яғни табиғатынан "ұмытшақ" деп атайды. Адам қалай ұмытады? Себебі оның ішкі әлемінде көңіл мен "хал" бар. Хал дегеніміз — тоқтаусыз тулап жатқан толқындар тәрізді, ол ешқашан бір орнында тұрмайды. Адам бойындағы ең өзгермейтін, тұрақты құбылыс — осы ішкі халдің үнемі қозғалыста болуы. Тіпті бойыңызды жалқаулық билеп, ұйықтағыңыз келіп тұрса да, ішіңізде сізді алға итермелейтін, өмір сүруге үндейтін ұлы күш бар. Ол күш — Алланың адам баласына берген ерекше халі. Алайда мұны екінің бірі түсіне де, тани да бермейді. Қазіргі психологтар фрейдизмді жәй ғана ақша табудың көзіне айналдырып алғандай көрінеді. Өйткені фрейдизмнің табиғаты тек материяға ғана негізделген, ол жерде Жаратқанға орын жоқ. Шын мәнінде, дүниетаным "Алла, әлем және адам" деген үштіктің тұтастығынан тұруы тиіс. Фрейдтің өзі атеист болғандықтан, адам баласын тек материалдық әлемнің өлшемімен ғана қарастырды. Ол жүйеде Алладан келетін иманға, қасиетті сезім толқындарына, адамның ішкі толықсып қайғыруы мен өз-өзімен оңаша қалу секілді рухани тереңдіктерге орын берілмеген. Олар адамды тек нәпсінің (либидоның) құлы ретінде, хайуан деңгейінде ғана зерттейді», — деп қорытты сөзін ғалым.

Войдите, чтобы оставить комментарий