Дубайда төбелеске қатысқан 6 өзбекстандық өлім жазасына кесілді
Дубай қаласында болған жаппай төбелеске қатысқан алты Өзбекстан азаматы өлім жазасына кесілді. Тағы бір айыпталушы өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Біріккен Араб Әмірліктерінің соты 2025 жылдың сәуір айында болған қылмыстық оқиғаға қатысты үкімді 22 қаңтарда жариялады. Жергілікті БАҚ мәліметінше, сот отырысы ашық форматта өткен.
Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты ресми түрде растады. Ведомство үкімге апелляциялық шағым түсірілетінін және сот процесі бірнеше жылға созылуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Еске салайық, 2025 жылдың сәуірінде әлеуметтік желілерде Дубайдағы жанармай құю бекеттерінің бірінде өзбекстандықтардан құралған екі қылмыстық топ арасында қанды қақтығыс болғаны туралы ақпарат тараған еді. Оқиға кезінде бір адам пышақ жарақатынан сол жерде көз жұмып, тағы бір азамат ауыр халде комаға түскен. Кейінірек екінші жәбірленушінің де қайтыс болғаны белгілі болды.
Оқиғадан соң 15 Өзбекстан азаматы ұсталған. Тергеу деректеріне сәйкес, бұған дейін өзара келіспеушілігі болған екі топ жанармай құю бекетінде кездейсоқ кездескен. Қызыл түсті Mercedes көлігінен түскен адамға бірнеше адам жабылып, пышақпен шабуыл жасаған. Оның серігі қашпақ болғанымен, көп ұзамай ұсталып, соққыға жығылған.
Соңғы жаңалықтар