Джей Лоның концертінде шу шығарған полиция бастығының әйелі жазаланды
Астанада әлемдік жұлдыз Дженнифер Лопестің концертінде қоғамдық тәртіпті бұзған Павлодар облысы полиция бастығы орынбасарының зайыбы Зарина Қожахметоваға қатысты сот шешімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz
Оқиға 2025 жылдың 1 тамызында сағат 21:00 шамасында «Астана Арена» стадионында болды. Зарина Қожахметова концерт барысында айналасындағы көрермендерге дөрекілік танытып, оларды итеріп, агрессивті әрекеттер жасаған. Сотталушының бұл әрекеттері куәгерлердің айғақтарымен, оқиға орнындағы бейнежазбалармен және толтырылған хаттамамен толық дәлелденді.
Іс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі «ұсақ бұзақылық» бойынша қаралды. Бұл бап бойынша құқық бұзушыға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған.
Сот Зарина Қожахметованың бес баланың анасы екенін және олардың арасында 14 жасқа толмағандар бар екенін назарға алды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерді әкімшілік қамаққа алуға тыйым салынады. Осыған байланысты сот оны кінәлі деп танып, 78 640 теңге көлемінде айыппұл салды.
Естеріңізде болса, концерттен кейін әлеуметтік желіде екі тәртіп сақшысының әйел адамды стадионнан күштеп алып шыққан кадрлары тарады. Кейін құқық бұзушының жоғары лауазымды полиция қызметкері Думан Қожахметовтің жұбайы екені белгілі болды. Бастапқыда оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғаны айтылғанымен, кейін іс әкімшілік сипатта қаралды.
Соңғы жаңалықтар