ЕGov-қа кіру әдістері өзгерді: нені білу керек?

24.11.2025 17:05 Мөлдір Талғат
ЕGov-қа кіру әдістері өзгерді: нені білу керек?
0
49
Фото: Midjourney көмегімен жасалған\tengrinews.kz

eGov.kz порталы мен қосымша сервистерінде жаңа авторизация әдісі енгізілді, деп хабарлайды Politico.kz.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ eGov.kz электрондық үкімет порталы, eOtinish сервисі, Smart Bridge платформасы мен «Ашық үкімет» порталында жаңа авторизация әдісінің іске қосылғанын хабарлап, пайдаланушыларға жүйеге кірудің бұрынғыдан да ыңғайлы және қауіпсіз нұсқалары қолжетімді болғанын мәлімдеді.

Енді азаматтар eGov Mobile қосымшасындағы QR кодты сканерлеу арқылы жедел кіру мүмкіндігін пайдалана алады; ЭЦҚ арқылы авторизациядан өте алады, ол растаушы SMS-код жіберу арқылы жүзеге асады; сондай-ақ логин мен пароль қолдану нұсқасы ұсынылады, мұнда қолданушы ЖСН мен өз құпиясөзін енгізіп, кейін жеке тұлғаны растау ЭЦҚ көмегімен орындалады. Жиі қолданушылар үшін eGov QR әдісі уақытты үнемдеп, мобильді қосымша арқылы жылдам кіруді қамтамасыз етеді. Сонымен бірге логин және пароль арқылы авторизациялау моделі байланыс желісі нашар немесе мүлде қолжетімсіз аймақтарда тиімді шешім ретінде ұсынылады, себебі бұл жағдайда SMS-код қажет етілмейді.

Пайдаланушы парольді ұмытып қалса, жүйе қажетті деректерді автоматты түрде анықтап, қалпына келтіру мүмкіндігін ұсынады. Ақпарат тексеруден өткен соң ЭЦҚ арқылы расталып, жеке кабинетке қауіпсіз кіру толық аяқталады. ҰАТ хабарлауынша, енгізілген жаңа механизм қолданыстағы тәсілдерді толықтырып, пайдаланушыларға қолжетімді аутентификация мүмкіндіктерін кеңейтеді. Бұл жаңарту электрондық мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті қауіпсіз әрі ыңғайлы етіп, баламалы идентификация әдістерін қолдануға жағдай жасап, жалпы сервис сапасын арттыруға бағытталған.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий