"Екі апта пневмония деп емдеген": Қызылордада 1,5 жастағы бала ауыр халде көз жұмды

14.02.2025 09:01
0
127
ашық дереккөз

Қызылордада ауруханада бір жарым жастағы қыз бала көз жұмды. Ата-анасының айтуынша, дәрігерлер рентген кезінде бөгде затты байқамаған және баланы бронхитке қарсы емдеген. Бірақ бүлдіршіннің жағдайы күннен-күнге нашарлап, ақыры қайғылы жағдай орын алды.

Диагноздағы қателік

Мәліметтерге сәйкес, бала екі аптадан астам уақыт облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында болған. Бірақ дәрігерлер оның жағдайының нашарлау себебін анықтай алмаған.

Анасының айтуынша, алғашқы рентгенде маман бөгде затты байқамаған. Осыған байланысты баланы бронхитке қарсы емдеген. Бүлдіршін тамақ іше алмай, қатты қиналып көз жұмған.

Амина есімді сәбидің анасы Оксана Шильева қызының жағдайының қалай күрт нашарлап кеткенін былай еске алады:

18 қаңтар күні таңғы асқа ботқа жегеннен кейін қызым құса бастады. Жаңғаққа тұншығып қалды ма деп ойлап, аса мән бермедім. Бірақ көп ұзамай тағы 5-7 рет құсты. Жедел жәрдем шақырдық. Дәрігерлер ауруханаға жатқызуды ұсынды, бірақ біз бас тарттық. Бізге дәрі-дәрмектер жазып берді, содан кейін Аминаның жағдайы жақсарып, тіпті ойнай бастады. Бірақ түнде дене қызуы көтерілді. Келесі күні де қызу анда-санда көтеріліп тұрды, ал кешке қарай қызым мүлде әлсіреп кетті. Біз тағы да жедел жәрдем шақырдық, – дейді ол.

Екі рет ауруханаға түскен

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында балаға антибиотиктер беріліп, тамырға дәрі енгізілген. 23 қаңтарда анасы қызымен бірге үйіне қанағаттанарлық жағдайда шығарылған. Бірақ келесі күні Амина қайтадан ауруханаға түскен.

Ол қатты жөтеле бастады, сырылы тоқтамады. Тамақ ішпей, тіпті су да ішкісі келмеді. Дәрігерлер рентген жасады, бірақ оның нәтижесі жоғалып кетті. Бізге қайтадан бронхит диагнозы қойылды. 28 қаңтарда сатурациясы 82-ге дейін төмендеді. Рентгенолог бізге балаларда пневмония тез дамитынын айтты. Бірақ мен реанимациядан бас тарттым. Келесі күні қызымды сонда өткізуге тура келді, – дейді анасы.

31 қаңтарда қыздың жағдайы тым нашарлап, есін жимай қалған. Сол күні кешке ғана дәрігерлер қайтадан рентген жасап, оның көмейінде бөгде зат барын анықтаған. Бүлдіршінді жедел түрде облыстық көпсалалы балалар ауруханасына жеткізіп, хирург шақыртылған.

Шын мәнінде не болған?

Операция 10-15 минутта жасалуы керек еді, бірақ бұл жолы созылып кетті. Кейін белгілі болғандай, қызымның көмейінде жай ғана тиын емес, түйме тәрізді батарейка тұрған. Дәрігер маған екі апта бойы көмейде тұрған батарейканың тіндерді күйдіріп, өңеш пен кеңірдектің арасында тесік пайда болғанын түсіндірді. Қызым жегеннің бәрі тікелей өкпесіне түсіп отырған. Жедел ота қажет болды, – деп күрсінеді анасы.

Алайда дәрігерлер қыздың жағдайы тым ауыр болғандықтан, оны Алматыға жіберу мүмкін емес екенін айтқан. Сол себепті ота жергілікті жерде жасалған. Бірақ дәрігерлер бүлдіршінді құтқара алмаған.

Рентгеннен оның сол жақ өкпесі жоқ екені, ал оң жағында тек контуры ғана қалғаны көрінді. Сатурациясы 70-ке дейін түсті. Өкпені жасанды желдету аппаратына қосып қойды. Қызымның өмірін тек жүрегі сақтап тұрды. Бізге онымен қоштасуға рұқсат берді, өйткені кешке дейін шыдай алмауы мүмкін деді. Екі сағаттан кейін қызымның қайтыс болғанын хабарлады, – дейді Оксана.

Ата-анасы әділдік талап етеді

Аминасының анасы қызының өліміне кімнің кінәлі екенін анықтауды талап етіп отыр. Ол дәрігерлердің неліктен уақытында қауіпті бөгде затты байқамағанын түсінгісі келеді. Әйел Қызылорда облыстық полиция басқармасына шағым түсірген. Жақын арада құжаттар Денсаулық сақтау министрлігі мен Бас прокуратураға жіберіледі.

Біз кінәлілерді жауапқа тартуды және олардың лайықты жазасын алуын талап етеміз, – деді зардап шеккен тараптың өкілі, заңгер Айгүл Шегірова.

Облыстық полиция департаменті баланың өлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.

Қазір барлық мән-жайды анықтау үшін кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Іс департамент басшылығының бақылауында, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий