«Екі рет көмек сұрап шыққан»: Астанада ерлі-зайыптының өліміне қатысты жаңа деректер айтылды
Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде ерлі-зайыптының қаза болуына қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz.
55 жастағы ер адам мен оның 53 жастағы әйелі отбасылық жанжал кезінде көз жұмған.
"7 арна" мәліметінше қайғылы оқиға болған күні әйел бірнеше рет пәтерден шығып, подъезде көмек сұраған. Тұрғындар ерлі-зайыптылардың арасында бұған дейін де жанжал болғанын жеткізді.
Көршілердің бірі кешкі сағат 22:30 шамасында пәтерден бірнеше минут бойы айқай-шудың естілгенін айтты. Оның сөзінше, әйел екі рет подъезге жүгіріп шыққан. Кейін оқиға орнына полиция мен жедел жәрдем келген.
Өзге тұрғындар да әйелдің көмек сұрағанын естігендерін айтқан. Артынша пәтерден ер адамның «Мен не істеп қойдым?» деген сөзі естілген. Біраз уақыттан кейін үй іші тынышталған.
Көршілердің бірі бұл отбасында бұрын да жанжалдар болғанын атап өтті. Оның айтуынша, былтыр тұрғындар ерлі-зайыптылардың үйіне барып, жанжалды тоқтатуды сұраған. Кейін әйелдің полиция шақырғаны және ер адамның екі тәулікке қамалғаны белгілі болған.
Алайда кейбір көршілер отбасы сырт көзге қалыпты көрінгенін айтты. Олардың сөзінше, ерлі-зайыпты үйіне қонақтарды жиі шақырып тұрған.
Астана қаласының Полиция департаменті мәліметінше, жанжал кезінде ер адам әйеліне пышақ жарақатын салған. Кейін ер адамның өзі де жарақат алған. Екеуі де алған жарақаттарының салдарынан оқиға орнында қайтыс болған.
Қазір аталған факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.
Қайғылы жағдай кезінде пәтерде ерлі-зайыптылардың 14 жастағы ұлы да болған. Отбасындағы бес баланың төртеуі кәмелетке толған. Қазіргі уақытта 14 жастағы жасөспірім аға-әпкелерінің қамқорлығында, оған психологтар қажетті көмек көрсетіп жатыр.
Соңғы жаңалықтар