Екібастұзда $10 млрд инвестицияға алып деректер орталығы салынады

26.06.2026 12:21 Қарақат АСЫЛОВА
Екібастұзда $10 млрд инвестицияға алып деректер орталығы салынады
57
Фото: Үкімет

Қазақстан үкіметі жасанды интеллект пен цифрлық қызметтерді дамыту мақсатында келесі жылы Екібастұз қаласында қуаттылығы 125 МВт болатын жаңа деректер орталығын іске қосады, деп хабарлайды Politico.kz.

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов «ДӨО алқабы» жобасының маңыздылығына тоқталып, еліміз үшін тек сыртқы есептеу қуатын пайдаланып қоймай, жеке инфрақұрылым құру қажеттілігін атап өтті. Үкімет басшысының сөзіне қарағанда, мұндай орталықтар болашақта жаңа деректер экономикасының негізіне айналмақ.

"Қазіргі таңда барлық мемлекеттік органдардың деректері Астана қаласында бір ДӨО-да сақталып жатыр. Ол ДӨО-ның қуаттылығы 6 МВт. Ал біз қазіргі таңда Екібастұзда жүргізіліп жатқан жұмыстың арқасында келесі жылдың бірінші жарты жылдығында 125 мегаваттық ДӨО-ны іске қосамыз. Және 2028 жылы дәл осындай 125 мегаваттық тағы бір ДӨО-ны іске қосамыз деген жоспарларымыз бар. Біз бұл жұмысты әрі қарай да жалғастырамыз", — деді Олжас Бектенов.

Бұл ауқымды бағытқа халықаралық технологиялық алпауыттар да үлкен қызығушылық танытып отыр. Қазірдің өзінде NVIDIA компаниясының стратегиялық серіктесі саналатын Firebird-пен тиісті келісім жасалған және бұл жобаға құйылатын инвестицияның жалпы көлемі шамамен $10 млрд-ты құрайды.

Заманауи инфрақұрылымды дамыту Қазақстанның цифрлық тәуелсіздігін нығайтып, бұлтты сервистер мен жасанды интеллект есептеулерін дамытуға жаңа серпін бермек.

Войдите, чтобы оставить комментарий