Елге керегі болмаған дәрігер АҚШ-та жаңалық ашты

Экс-денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ісінде куәгер болған медицина саласының үздігі Айнұр Айыпханова бүгінде елден біржола қоныс аударып, АҚШ-та үлкен жетістікке жетті.
Қазақстанда өз саласында жоғары бағаланған маман бүгінде Индиана штатындағы ірі онкологиялық орталықты басқарып отыр. Ол аталған орталықта SEER*DMS атты заманауи ақпараттық жүйені енгізіп, медициналық деректерді өңдеу мен талдау процесін толық автоматтандырған.
Айыпханованың енгізген жүйесі орталықтың жұмыс тиімділігін арттырып қана қоймай, бюджеттен 570 мың АҚШ долларын үнемдеуге мүмкіндік берген. Бұл жаңашыл шешім америкалық денсаулық сақтау саласында тиімді цифрлық трансформацияның үздік үлгісі ретінде мойындалды. АҚШ-тағы кәсіби қауымдастық Айнұр Айыпханованың бастамасын жоғары бағалап, оның тәжірибесін өзге медициналық мекемелерге үлгі ретінде ұсынған.
Айта кетейік, Айнұр Айыпханова 2022 жылы Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевтің ісі бойынша куәгер ретінде сотта сөз сөйлеген еді. Ол кезде маманның кәсіби пікірі қоғам назарын аударып, денсаулық сақтау жүйесіндегі цифрландыру бағытындағы мәселелерді ашық көрсеткен болатын.
Қазір оның шетелде жеткен жетістігі қазақстандық қоғамда үлкен пікір тудырды. Көпшілік талантты қазақ мамандарының өз елінде бағаланбай, мүмкіндікті шетелден іздеуге мәжбүр болатынын айтып, билікке ой салуда. Айнұр Айыпханованың табысы – тек жеке жеңіс емес, сонымен қатар отандық ғылым мен медицина саласының әлеуетін әлемге дәлелдеген жарқын мысал ретінде бағаланып отыр.
Соңғы жаңалықтар





