Енді кез келген адам коуч бола алмайды: Үкімет жаңа ережелерді бекітпек

15.12.2025 05:52 Арман Ермеков Арман Ермеков
Енді кез келген адам коуч бола алмайды: Үкімет жаңа ережелерді бекітпек
0
154
Фото: wem.ua

Елімізде қаптаған коучтар мен тренинг өткізушілердің қызметі заңмен реттелмек. Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында осы саланы тәртіпке келтіретін жаңа кәсіби стандарттың дайындалып жатқанын жеткізді, деп хабарлайды Politico.kz.

Үкімет басшысының сөзіне қарағанда, ендігі жерде осы саладан табыс тапқысы келетін азаматтар Халықаралық коучинг федерациясының (ICF) талаптарына сай болуы шарт. Қазіргі уақытта елімізде коммерциялық емес ұйым ретінде тіркелген «ICF Kazakhstan» бірлестігімен бірге арнайы кәсіби стандарт әзірленді. Құжат Ғылым және жоғары білім министрлігінде қаралу үстінде.

Бекітілетін жаңа стандарт коучинг қызметін тоғыз негізгі бағыт бойынша жіктейді. Олардың қатарына бизнес, мансаптық, лайф (өмірлік), командалық, көшбасшылық, денсаулық және сауықтыру бағыттары кіреді. Сондай-ақ кәсіпкерлерге, білім беру саласына және спорттық дайындыққа арналған коучтар да осы ереже аясында жұмыс істеуге міндеттеледі.

Кәсіби біліктілігі расталған мамандардың бірыңғай базасы жасақталады. Ұлттық біліктілік жүйесінің «career.enbek.kz» цифрлық платформасында сертификатталған жаттықтырушылардың тізілімі жарияланады. Мамандарды оқыту, олардың білімін бағалау және аталған тізімге енгізу құқығы Халықаралық коучинг федерациясына жүктелмек.

Саладағы жауапкершілікті заңнамалық деңгейде бекіту көзделген. Мәжілісте бірінші оқылымнан өткен «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасына тиісті түзетулер енгізілді. Жаңа нормаларға сай коучтар өз біліктілігін растайтын сертификатты тұтынушыға көрсетуге міндетті болады.

Сонымен қатар жалған жарнама таратуға және клиенттерді адастыруға қатаң тыйым салынады. Егер қызмет көрсету барысында тұтынушылардың құқығы жаппай бұзылса немесе оларға ірі көлемде залал келтірілсе, іс әкімшілік емес, қылмыстық сипатқа ауысады. Мұндай фактілер Қылмыстық кодекстің 190-бабы, яғни «Алаяқтық» бабы бойынша сараланатын болады.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий