Енді Конституцияға өзгерістер Президенттің шешімімен және тек жалпыхалықтық референдум арқылы ғана енгізіледі
Бұдан былай Конституцияға өзгерістер Президенттің шешімімен және тек жалпыхалықтық референдум арқылы ғана енгізіледі, деп хабарлайды Politico.kz
Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алтыншы отырысында Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов мәлімдеді.
Жиын барысында Бақыт Нұрмұханов жаңа Конституция жобасындағы сот төрелігі жүйесі мен жергілікті басқару және Негізгі заңға өзгерістер енгізу тәртібіне қатысты маңызды жаңалықтармен бөлісті. Оның айтуынша Ата заңның «Сот төрелігі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері» деп аталатын сегізінші бөлімі аясында сот төрелігінің конституциялық қағидаттары айтарлықтай күшейтілген.
Жаңа жобада сот ісін жүргізу нысандарының қатары артып судьялардың тәуелсіздігі нығайтылған. Сондай-ақ сот жүйесінің кадрлық мәселелері шешімін тауып адвокатураның құқықтық мәртебесі алғаш рет Конституция деңгейінде нақты бекітілді. Лауазымды тұлға бұл қадамның адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін арттыруға және қоғамның сот жүйесіне деген сенімін күшейтуге бағытталғанын атап өтті.
Сонымен қатар Конституцияның жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару мәселелеріне арналған тоғызыншы бөлімі Құрылтайдың құрылуы мен елімізде жүргізіліп жатқан әкімшілік реформаны ескере отырып қайта қаралды. Осылайша бірқатар нормалар нақтыланып мемлекеттік басқарудың жаңа жағдайларына бейімделді. Бақыт Нұрмұханов бұл бөлімнің жаңартылуы мемлекет пен қоғамның жергілікті деңгейдегі өзара іс-қимылын тиімді етуге деген ұмтылысты көрсететінін жеткізді.
Бұдан бөлек баяндамашы Конституцияда Негізгі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібіне арналған жаңа оныншы бөлімнің пайда болғанына назар аударды. Сондай-ақ «Қорытынды және өтпелі ережелер» деп аталатын он бірінші бөлімнің мазмұнына тоқталды. Ең маңыздысы бұдан былай Конституцияға өзгерістер Президенттің шешімімен және тек жалпыхалықтық референдум арқылы ғана енгізіледі. Сонымен бірге референдум өткізу бастамасын көтеретін субъектілер қатарына Халық Кеңесін қосуды көздейтін норма қарастырылған.
Айта кетейік Конституциялық комиссия Қазақстанның жаңа Конституциясының бірінші жобасын дайындап үлгерді.
Соңғы жаңалықтар