Ер адам аяғы ауыр келіншегін жардан итеріп жіберді

Шотландияда ер адам жүкті әйелін 15 метрлік жардан итеріп жіберіп, оны өлтірді. Қайғылы оқиға Эдинбург қаласына саяхат кезінде орын алған.
Қайтыс болған әйелдің есімі – Фаузия Джавад. Ол күйеуі Кашиф Анвармен бірге Шотландияға сапар шеккен. Алайда бұл сапардан кейін Фаузия ажырасуды жоспарлаған, себебі күйеуі оған жүйелі түрде қол көтеріп келген.
Анвардың пікірінше, ажырасу олардың отбасына "масқара" болмақ еді. Сол себепті ол әйелімен туристік бағытта серуендеу кезінде оны жардан итеріп жіберген. Жүкті әйел ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмды.
Марқұм Фаузия Джавад оқиғаға дейін бірнеше мәрте полицияға жүгініп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болғанын айтқан. Сонымен қатар, жүктілік кезінде дәрігерлер мен аурухана қызметкерлері күйеуінің әйелін қорлап, қысым көрсеткенін байқаған.
Одан бөлек, Анвар үйленгеннен кейін әйеліне әлеуметтік желілердегі парақшаларын өшіртіп, ер туыстарымен араласуға тыйым салған.
Фаузия өзінің көрген қорлығын құжаттап жүрген. Жиналған дәлелдер күйеуінің кінәсін дәлелдеуге көмектесті. Сот үкімімен Кашиф Анвар өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ол темір тордың ар жағынан тек 20 жылдан кейін шығу мүмкіндігіне ие болады.
Соңғы жаңалықтар





