Еркебұлан Тоқтар жауапқа тартылды

11.09.2026 09:01 Әсел МҰРАТ
Еркебұлан Тоқтар жауапқа тартылды
261
Фото: ашық дереккөз

Қазақстандық танымал MMA спортшысы әрі актер Еркебұлан Тоқтар ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты спортшыны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша кінәлі деп таныған. Сот материалдарына сәйкес, ол қоғамдық орында бейәдеп сөздер айтқан.

Бұл туралы Алматы прокуратурасы хабарлады.

Прокуратура өкілдерінің мәліметінше, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде Еркебұлан Тоқтардың балағат сөздер айтқан видеосы анықталған. Осыдан кейін материал сотқа жолданып, спортшы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Танымал болу заң талаптарын сақтаудан босатпайды», – деп атап өтті ведомство.

Оқиға Астанада өткен IBA Nomad халықаралық турнирінен кейін болған. Жарыста Еркебұлан Тоқтар өзбекстандық муай-тайдан әлем чемпионы Бобиржон Исроиловты мерзімінен бұрын жеңген.

Алайда жекпе-жектен кейінгі баспасөз мәслихатында жағдай күрт өзгерген. Тоқтар мен өзбекстандық файтер Огабек Абдумуминов сөзге келіп, қазақстандық спортшы эмоцияға беріліп, қарсыласына журналистер мен камералардың алдында балағат сөздер айтқан.

Оқиға сәті түсірілген видео кейін әлеуметтік желілерде кең тарап, көпшіліктің сынына ұшырады.

Прокуратура түсіндіргендей, Қазақстанның құқық қолдану тәжірибесінде әлеуметтік желідегі жария эфирлер мен трансляциялар қоғамдық орындарға теңестіріледі. Осыған байланысты сот спортшының әрекетін ұсақ бұзақылық ретінде бағалаған.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша мұндай құқық бұзушылық үшін 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Войдите, чтобы оставить комментарий