Еркектерге тоқал сөзін айтуға заңмен тыйым салу керек – журналист
Журналист Ербол Мәндібек көп әйел алуға қатысты қоғамда жиі талқыланатын тақырыпқа пікір білдірді. Ол бұл туралы Facebook-тегі жазбасында айтты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
«Қазақ қоғамында жыл сайын қайталанатын осы мәселені біржола шешетін уақыт жетті. Әйтпесе, талай отбасының шаңырағы шайқалуы мүмкін. Халық бұл туралы өз пікірін референдум арқылы білдірсін», – деп жазды ол.
Журналистің сөзінше, оған бір келіншек хабарласып, өз басындағы жағдайды бөліскен.
«Күйеуімнің жағдайы жақсы, барлығы жеткілікті. Бірақ соңғы кезде айналасында жүрген қыз-қырқын көбейіп кетті. Мен де шаршадым, сол себепті өзара келісіп, заңды түрде тоқал алсын дедім», – деген әйелдің сөзін келтірді Ербол Мәндібек.
Оның айтуынша, егер заң аясында бәйбіше мен тоқалдың құқығы нақты реттелсе, қоғамдағы көп даудың шешімі табылар еді.
«Қазір бұл тақырып күн өткен сайын өршіп барады. Әсіресе, жоғары лауазым иелерінің “кішкентай махаббаты” туралы әңгімелер көбейді. Сондықтан Парламент бұл мәселеге байыппен қарауы тиіс», – дейді ол.
Мәндібектің пікірінше, Үкімет «көп әйел алу туралы заң жобасын» әзірлеу үшін арнайы жұмыс тобын құруы керек. Ол топқа осы тақырыпты жиі көтеретін блогерлер де қосылғаны жөн.
Сонымен қатар журналист өз ұсынысын нақтылады:
«Тоқал алғысы келген ер адамның шотында кемі 50 миллион теңге, қорасында мал, гаражында екі джип болуы тиіс. Ал айлығына қарап отырған еркектерге бұл туралы тіпті айтуға заңмен тыйым салу керек. Қажет болса, 100 мың теңге айыппұл салу қажет», – деді ол.
«Қоғамның қотыр тақырыбына айналған бұл мәселені заңмен реттейтін уақыт келді», – деп қорытындылады Ербол Мәндібек.
Соңғы жаңалықтар