"Еркіндік қанаты" қоры алдағы Құрылтай сайлауын бақылаудан бас тартты
"Еркіндік қанаты" қоғамдық қоры биыл 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына бақылаушыларын жібермейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Қор 2016 жылдан бері елдегі бірде-бір электоралды науқанды қалыс қалдырмаған. Алайда бұл жолы ұйым ұжымы мұндай ауыр қадамға баруға бірқатар өзекті себеп түрткі болғанын түсіндірді.
"Сондықтан бақылау миссиясынан бас тарту - бірқатар өзекті себептен болған ауыр қадам:
Сайлау 2019-2022 жж. реформалардың тоқырауы тұсында өткелі жатыр: бір мандатты округтер бойынша үміткерлердің болмауы, қандай да бір балама көзқарас ұсына алатын тіркелген саяси партиялардың жоғы, азаматтық қоғам мен медиа өкілдеріне деген қысым;
Елде қалыптасқан құқық қолдану тәжірибесі сайлау учаскелеріндегі бақылаушылардың рөлін шектеп, олардың мемлекет ісін басқаруға қатысу жөніндегі конституциялық құқығын жүзеге асыру тетіктерін пайдалануына жол бермейді;
Электорал науқанға және дауыс беру күніне тікелей немесе жанама қатысты даулы мәселелер бойынша әділ сот талқысына қол жеткізу мүмкіндігінің болмауы", – делінген қордың ресми хабарламасында.
Белсенділер соңғы жылдары қор жұмысына түрлі органдар тарапынан кедергілер келтірілгенін жасырмады. Нақтырақ айтқанда, 2019 жылдан бері бақылаушыларды сайлау учаскелерінен негізсіз шығару, кеңседе интернетті ішінара бұғаттау, салық органдарының тексерістері және дербес деректерді теріс пайдалану фактілері тіркелген. Тіпті 2023 жылы күштік құрылымдар тарапынан бақылаушылар қатарына жасырын қосылу әрекеттері де болғаны айтылды.
Ұйым сайлау туралы заңнамаға енгізілген жаңа нормалар да алдағы уақытта айтарлықтай қауіп тудыруы мүмкін екенін ескертіп отыр.
"Мұндай жағдайда бұл науқанға қатысу қор қызметкерлерінің, бақылаушылардың, еріктілердің жеке қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіруі мүмкін және Қор қызметіне кері әсер етуі ықтимал", – делінген тараған ақпаратта.
Осыған байланысты ұжым алдағы сайлауға бақылаушыларды іріктемейтінін және оларға куәлік беріп, учаскелерге жібермейтінін нақтылады. Сондай-ақ Құрылтай сайлауына қатысты ешқандай білім беру немесе ақпараттық іс-шаралар өткізілмейтіні белгілі болды.
Соңғы жаңалықтар