Ресей әскерінен қашып, Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен ер адам сотталды

06.10.2026 • 14:38 Қанат АЙБАР
Ресей әскерінен қашып, Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен ер адам сотталды
293
Фото: Depositphotos.com

Ресейде әскери қызмет орнын тастап кеткен ер адам Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткені үшін сотталды. Оны елден шығарып, 5 жыл бойы Қазақстанға кіруіне тыйым салу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Politico.kz Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Істі Бөкейорда аудандық соты Қылмыстық кодекстің 392-бабының 1-бөлігі (ҚР Мемлекеттiк шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту) бойынша қараған.

Сотта анықталғандай, шетел азаматы Ресей Қарулы күштерінде әскери қызмет атқарған. 2025 жылғы шілдеде қызмет орнын өз бетімен тастап кетіп, содан бері Ресейдің құзырлы органдарынан жасырынып жүрген.

2026 жылғы мамырда ол Ресейден кету үшін онлайн карталар арқылы жер жағдайын зерттеп, Қазақстанға өтетін бағыт жасаған. Екі ел тарапындағы қоршаулар мен шекара белгілеріне қарамастан, белгіленген өткізу пунктінен тыс жерде шекараны кесіп өткен. Шекаралық және өзге тексерулерден өтпеген.

Қазақстанға кірген соң ер адам Оралға жету үшін көлік жолына шыққан. Кейін Оралдан Таразға барып, сол жерден басқа мемлекетке кетуді жоспарлаған, алайда оны Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) қызметкерлері ұстаған.

Сотта ол кінәсін толық мойындап, мұндай әрекетке мәжбүр болғанын ескеруді сұраған. Сондай-ақ бас бостандығынан айырмауды, Қазақстаннан шығармауды және рақымшылық заңын қолдануды өтінген.

Сот оған 200 АЕК (865 мың теңге) айыппұл салып, елден шығару және Қазақстанға 5 жылға кіруге тыйым салу жазасын тағайындаған. Алайда рақымшылық туралы заңның 1-бабы 1-бөлігінің 1-тармағына сәйкес, оны негізгі жаза – айыппұл төлеуден босатқан. Елден шығару мен кіруге тыйым салу туралы шешім күшінде қалды.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Войдите, чтобы оставить комментарий